Amazon Түркияда спутник бөлшектерін шығарады

ASTANA. Kazinform – Америкалық Amazon корпорациясы Түркияда спутниктік құрамдас бөліктер шығаруға инвестиция салатынын мәлімдеді.

Фото: pixabay

Amazon шешімі бірнеше факторларға негізделген. Анықталғандай, Түркия машина жасауды дамыту үшін қолайлы жағдай ұсына алады, білікті техникалық мамандарға ие және Қытай мен Еуропадан қажетті бөлшектерді жеткізу оңайға соғады.

Жоба Түркияның жоғары технологиялық өндіріске маманданған Tezmaksan компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Сивас, Йозгат, Токат және Кайсери сияқты Түркияның төрт провинциясындағы зауыттарда өндіріс жолға қойылады. Жоба жақын арада жүзеге асырыла бастайды, өнімдердің алғашқы жеткізілімі 2025 жылдың басына жоспарланған.

Amazon инвестициясы компанияның спутниктік технологиялар саласындағы позициясын нығайтып қана қоймай, түрік өнеркәсіп секторының дамуына айтарлықтай үлес қосуы күтілуде. Осылайша, Түркия өзінің географиялық жағдайы мен дамып келе жатқан техникалық тәжірибесінің арқасында бірте-бірте әлемдік жоғары технологиялық нарықта маңызды ойыншы болуды жоспарлап отыр.

Amazon қатысатын бұл жоба халықаралық компаниялардың түрік өндірісінің әлеуетіне қызығушылығын көрсетеді және технологиялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Айта кетейік, Қазақстан Илон Масктің Starlink интернетіне балама болатын Amazon Kuiper спутниктік интернет қызметімен келісімге қол қоюды жоспарлап отыр.