Америкада 75 жыл бірге ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар араларына бір күн салып дүниеден озды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Американдық ерлі-зайыптылар Джаннетт пен Александр Точко 75 жыл бірге ғұмыр кешіп, арасы бір күн айырмашылықпен өмірден өтті, деп хабарлады ABC News.

Олар 1919 жылы Стэмфордта (Коннектикут штаты) дүниеге келген. Екеуі де польшалық босқындардың ұрпақтары. 1940 жылы отау құрған.

Александр Точко гольфпен әуестенген, бұл спорт түрімен тіпті күн сайын айналысқан. Жуырда ол құлап қалып, жамбасын сындырып алған болатын, деді ұлы Ричард Точко. Ерінің денсаулығы нашарлай түскенде, жұбайы да өзін жайсыз сезіне бастаған.

Ері алдымен 17 маусымда дүниеден өтті, «Ол өзі қалағандай анамның қолында көз жұмды», - деп мәлімдеді қыздары Эйми-Точко-Кушман.

«Көрдің бе, өзің қалағандай болды. Менің қолымда дүниеден оздың. Сені сүйемін. Мені күт, көп ұзамай жаныңа барамын», - деген анасының сөзін келтірді Точко-Кушман. Келесі күні Джанетт Точко да бақилық болды.