***
1916 жылы әйгілі физик Альберт Эйнштейннің салыстырмалылық теориясына сүйеніп жасаған гравитациялық толқын туралы болжамы араға 100 жыл салып америкалық обсерваторияда дәлелденді. Астрономия ғылымында жаңа ғасыр басталды. Оның көшбасшылары қатарында қазақ физигі Дархан Туенбаев та бар. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында Алматыға келген Д. Туенбаевтан сұхбат алып, оны «Америкада «қара ойықтарды» қауыштырған қазақ» деген тақырыппен жариялады.
«2016 жылдың 11 ақпанында біз алғаш рет қоғам алдында әйгілі гравитациялық толқынды тіркегеніміз туралы ресми мәлімдедік. Ол рас, әйгілі толқынды біздің бақылауымыздағы детекторлар 2015 жылдың 14 қыркүйегінде алғаш рет «жазып алған» еді. Оқиғаны өте құпия жағдайда ұстадық. Себебі, әлем ғалымдарын дүр сілкіндіретін «жүз жылдық» маңызы бар жаңалықты тек қана коллаборацияның құрметті мүшелеріне нақтыланғаннан кейін ғана айту жүктелген. Әрі бұл тосын дыбыстық белгінің нағыз гравитациялық толқынның өзі екеніне көзімізді түпкілікті жеткізуіміз де керек еді. Сол себепті де, ресми жария ету алдында кеңістіктен келген тосын белгінің болмысы өте мұқият сараптаудан өтті.
LIGO-ның құрамына әлемнің 100 университетінен іріктелген зерттеушілер кіреді. Біз бен сіз талқылап отырған жаңалықты сол коллаборацияның белгілі дауысқа ие болған құрметті өкілдерінен құралған комитет, сол комитеттен іріктелген жалғыз адам, яғни - спикер ғана жария ете алады. Тәртіп солай»,-дейді ғалым.
Бас басылымда «Апат аймағы алаңдатуда» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Зеренді, Сандықтау, Атбасар аудандарында болып, көктемгі су тасқынының қаупі жоғары елді мекендерді аралады. Әсіресе, Атбасар ауданының Жабай өзені маңындағы елді мекендер айрықша назарға алынды.
- Биыл өңірде қар көп түсті. Сол себепті су тасқынының қаупі де жоғары. Алдыңғы жылдағы жағдай қайталанбас үшін дайындық жұмыстарын ерте бастап кеттік. Қазіргі кезде қалаға Жабай өзенінен қауіп төніп тұр. Осыған орай өзен жағасын бойлай ұзындығы 5,6 шақырым, биіктігі 4-7 метр бөгет тұрғызылуда. Оған 12 экскаватор тартылған. Оған қоса қауіпті аймақтардағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың маңы құм толтырылған қаптармен қоршалды. Апаттың алдын алу жұмыстарына тұрғындар да бір кісідей атсалысуда, - деді Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишов әкімге берген есебінде.
Облыс әкімі С.Кулагин алдымен көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына көмек көрсетіп жүрген халыққа алғысын айтты. Бұл апатпен көп болып күреспесек, ертең оның ауыр салдарымен күресуге тура келеді, дей келе әкім Атбасар ауданындағы су тасқынының алдын алу шараларына жуырда 20 миллион теңге қаржы бөлінгенін, оған қоса бірер күнде тағы 20 миллион теңге қаражат босатылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, өңір басшысы осы күні Сандықтау ауданының маңындағы Жабай өзені үстімен өтетін көпірдің беріктігін тексертіп, төтенше жағдайлар картасына енгізілген өңірдегі жалпы жағдаймен танысты. Сандықтау ауданының орталығы Балқашын селосынан шығаберісте ТЖ бойынша су тасқынының алдын алу шараларына жұмылдырылған апаттық-құтқару және коммуналдық сала техникалары жұмыс барысындағы сынақтан өткізілді. Осы жерде ол ауданның төтенше жағдай қызметкерлерімен жүздесіп, су қоймасы мен өзендерге жақын орналасқан елді мекендердегі жағдайды күні-түні бақылауда ұстауды тапсырды.
***
Алматы хайуанаттар бағы қоғамдық бақылаушылар кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Райымбек Баталовтың қатысуымен өткен баспасөз-мәслихатында зообаққа қатысты өршіп отырған ақпараттық дау да, ауруға шалдыққан мысықтұқымдас жыртқыш аңдардың қазіргі хал-жағдайы да, бақты қайта құру тұжырымдамасы мен болашақ жоспарлар да сөз болды.
- Мен нағыз алматылықпын, бар балалық шағымды осы Хайуанаттар бағына барумен өткіздім деуге болады, - деп, әңгімесінің әлқиссасын өткенге шегініс жасаумен бастаған Райымбек Баталов Хайуанаттар бағының - алматылықтар мен қала қонақтары үшін өте маңызды әрі қажетті жерлердің бірі екенін баса айта келе: «Әрине, бұл бақты сауда орталықтарына альтернатива дей алмас едім, бірақ балалардың назарын гаджеттер мен ойын автоматтарынан танымдық дүниелерге аудартуға мүмкіндік беретін мекен. Біз зообақтан танымдық дүниені тек балаларға емес, өздерімізге де таба алар едік» дейді. Осы жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Хайуанаттар бағының халі қиын ба?» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылым «Ұлт жоспары - дағдарыстан шығу жолы» деген көлемді мақала жарияланды. Ел дамуын жүйелеп, дағдарысқа қарсы шараларды қолға алатын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары алғашқы нәтижелерін бере бастады.
Ақтөбе облысында экономика, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес пен медициналық кластерді дамыту, республикалық маңызы бар жолдарды салу жұмысы нақтыланды. Тіпті әлемдік трансұлттық компаниялар инвестиция салып, цемент, калий тыңайтқышы мен никель оксидін өндіру зауыттары салынатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлт жоспарының жүзеге асырылуы жөніндегі баспасөз мәслихатында баяндады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары өңірлер үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Әлемдік дағдарысқа төтеп беру, осылайша тұралап, тежелудің емес, қарыштап дамудың жолын сілтейді. Тілшілер алдында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуын баяндаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ең басты мақсатқа тоқталып өтті.