Америкаға кіру талаптары қатаңдатылды

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Америка Құрама Штаттарының Азаматтық және иммиграциялық қызметі (USCIS) тұрақты тұруға, азаматтық алуға немесе елге кіруге үміткерлерге қойылатын талаптар тізімін жаңартты. 

Енді барлық келушілер антиамерикалық көзқарастар мен әрекеттер үшін тексеріледі.
USCIS енді елге кіру туралы өтініштерді қарау кезінде антиамерикалық және антисемиттік көзқарастарды, әсіресе антисемиттік лаңкестік ұйымдармен байланыстарды ілгерілетуді немесе қолдауды «өте жағымсыз фактор» ретінде қарастырады. Сонымен бірге агенттік құжатта антиамерикалық көзқарастардың нақты неден тұратынын көрсетпейді.

The Wall Street Journal-дың жазуына қарағанда,  бұл «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі, коммунистік партия мүшелерінің елге кіруіне тыйым салынған кездегі нормаларға өте ұқсас.

Теріс факторларға дәстүрлі түрде ауыр қылмыстар, нашақорлық, мас күйінде көлік жүргізу және жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзу жатады. Жоғары білім, тұрақты жұмыс тәжірибесі, отбасы мүшелеріне қамқорлық, қоғамдық өмірге қатысу оң факторлар болып табылады.

Еске сала кетейік, АҚШ 6000-нан астам халықаралық студенттік визаның күшін жойды.