Америкалық маман әлеуметтік желідегі парақшасында Жәнібек Әлімханұлымен бірге түскен суретін жариялап, қазақстандық чемпионға жылы лебізін білдірді.
— Gleason’s залына орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы келді. Ол — нағыз чемпион әрі өте қарапайым жас жігіт. Оған бар жақсылықты тілейміз. Құдай оған тек жақсылық нәсіп етсін, — деп жазды Дон Сэксби Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Нью-Йорктің Бруклин ауданында орналасқан Gleason’s Gym — әлемдегі ең танымал бокс залдарының бірі. Мұнда әр жылдары Мұхаммед Әли, Майк Тайсон секілді аты аңызға айналған боксшылар жаттығу өткізген.
Жәнібек Әлімханұлы қазіргі уақытта кәсіби мансабындағы жаңа кезеңге дайындалып жатыр. Қазақстандық былғары қолғап шебері орта салмақтан екінші орта салмақ дәрежесіне ауысуды жоспарлаған.
Алдағы жекпе-жегі 2027 жылдың 23 қаңтарына белгіленген. Жәнібек Данияның Хорсенс қаласындағы Forum Horsens аренасында жергілікті боксшы Якоб Банкпен кездеседі деп күтілуде.
12 раундқа жоспарланған айқаста екінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 12-сі нокаутпен аяқталған. Ал қарсыласы Якоб Банктің еншісінде 20 жеңіс бар, оның 11-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Бұл кездесу қазақстандық боксшы үшін екінші салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануға мүмкіндік бермек.
Бұған дейін қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) алдағы чемпиондық жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасап, екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атануға ниетті екенін жеткізген болатын.