Америкалық полиглот Камила Фарр: Орыс және қырғыз тілінде қазақша акцентпен сөйлеймін
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та тұратын Камила Фарр есімді бойжеткен қазақ тілін 3 жылда онлайн үйреніп алған. Әлеуметтік желідегі аты-жөнін де Айбала Құдайбергенқызы деп өзгертіпті. Қазақ даласына келіп көрмесе де, тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытатын америкалық арумен Kazinform тілшісі тілдесті.
– Сіздің Айбала деген есіміңізді естігенде қазақ па деп қалдым. Әлеуметтік желідегі оқырмандарыңыз да ара-тұра америкалық екеніңізге күмәнданады екен.
– Менің атым — Камила, ал Айбала — қазақша атым. Американың Джорджия штаты Атланта қаласында тұрамын. Осы қалада туғанмын. Менің отбасымда әкем, анам, інім, 2 итім мен 2 мысығым бар. Әкем — жергілікті үндіс. Ал анам — қарапайым америкалық.
– Адамдардың бұлай ойлауына сіздің киіміңіз де әсер ететін сияқты. Стиліңіз америкалықтарға мүлде ұқсамайды. Бұлай киінуіңізге не себеп?
– 15 жасымда ислам дінін қабылдадым. Басыма орамал тағамын. Намаз да оқимын. Орта Азиядан келген достарым маған түрлі киімдер сыйлайды. Маған бұл стиль ұнайды. Қазір үстімдегі көйлектің матасы атлас. Бұны маған бір досым берді. Ал орамалды ұйғыр досым сыйлады. Мен достарым сыйлаған киімдердің бәрін жақсы көремін. Жалпы Америкада америкалық достарым аз. Мен бір досымның үйіне барсам не жаңа адамдармен таныссам, олар маған «сіз өзбексіз бе, қазақсыз ба, әлде татарсыз ба?” деп сұрайды. Ауған қызы деп ойлайтындар да кездеседі. Ал мен: «Ой, жоқ, мен америкалықпын», - деп айтамын. Ал олар сенбейді, шынында мен 100 пайыз америкалықпын.
– Ислам дінін қабылдағаныңызда ата-анаңыз қалай қабылдады?
– Ата-анам қарсы емес. Олар керісінше менің мұсылман болғанымды қолдайды, өйткені мен темекі шекпеймін, алкоголь ішпеймін. Сондықтан олар қуанышты.
– Білуімше сіз 20-дан астам тілде сөйлейсіз. Ал қазақ тілін үйренуге не себеп болды?
– Мен Қазақстан туралы бір кітап оқыдым. Солай «Қазақстан деген қандай жер екен» деп қызықтым. Содан соң қазақ тілін де үйренуім керек деп шештім.
– Қазақстанға мүлде келіп көрмепсіз. Қазақшаны қалай үйрендіңіз?
– Қазақ тілін YouTube-тан және онлайн түрде үйрендім. Ұстазым да бар, аты-жөні — Раушан Шанжархан. Мен ол мұғалімді түрлі тілдерді үйрететін веб-сайттан таптым. Оған қоса, қазақ достарым да бар. Олар да маған қазақша үйренуге көп көмектесті. Бір досым Үшаралдан, тағы бір досым Сарыағаштан. Олармен Instagram желісі арқылы танысқанмын.
– Сіздің әлеуметтік парақшаңызды қарағанда төл дыбыстарымызды еш қиындықсыз айта алатыныңызды байқадым. Әдетте, көп шетелдіктер осы тұста қатты қиналады. Бұл сізге қиынға соқпады ма?
– Қазақ тілін алғаш үйреніп бастағанымда ғ, ү, ә, қ секілді әріптерді айту маған біраз қиын болды. Осы кезде Раушан мұғалім көп көмектесті. Бұл әріптерді дұрыс айту үшін бәріміз «қанағаттандырылмағандықтарыңыздан» деп күніге қайталайтынбыз. Солай ұстазым қазақтың төл дыбыстарын түрлі тәсілдер арқылы дәл айтуды керегін үйретті.
– Бір сұхбатыңызда Орталық Азияның мәдениетін зерттеп жүргеніңізді айтыпсыз. Мұнда сізді не қызықтырды?
– Маған Орталық Азияның мәдениеті, киімдері ұнайды және тамақтарын жақсы көремін. Ондағы тағамдар өте дәмді. Ең сүйікті тамағым – бауырсақ. Лағман, палау, асылған ет те өте дәмді. Палауды күнде жейтін шығармын. Сондай-ақ құртты да жақсы көремін. Біздің Америкада да сол тамақтарды дайындайтын мейрамханалар бар, бірақ олардікі аса дәмді емес. Орталық Азияда ең бірінші Қазақстанды жақсы көремін. Музыкасы да қатты ұнайды. Қызылорда, Шымкент, Алматы, Астананы көргім келеді.
– Әлеуметтік желіңізде Орталық Азия елдерінің тілінде көптеген контенттер жариялайсыз. Тағы қандай тілдерді үйреніп үлгердіңіз?
– Қазақ тілінен бөлек қырғызша, өзбекше, ұйғырша сөйлей аламын. Қазір татарша үйреніп жатырмын. Оған қоса, ауған тілінде сөйлеймін. Ең бірінші қазақ тілін үйрендім. Екінші ұйғырша, сосын қырғызша, өзбекше, хазарша сөйлеуді үйрендім. Қазақ тілін үйреніп, төл дыбыстарын еркін шығара алатын болғандықтан орысша, қырғызша сөйлеген кезде менде қазақша акцент байқалады. Қырғызша үйренген кезде оңай болды. Менің қырғыз досым бар. Ол ағылшынша сөйлемейді. Алғаш қырғыз тілін үйреніп бастағанда оған қазақша жазатынмын. Ал ол оны түсінетін. Ол маған қырғызша жазатын. Мен оны түсіне аламын. Екі тіл ұқсас. Америкадағы 70 пайыз достарым — ауғандық өзбектер. Олар ауғанша, парсыша, өзбекше сөйлей алады. Бірақ ағылшынша сөйлемейді. Менімен өзбекше сөйлеседі. Өзбек тілін солардан үйрендім.
– Мұхиттың арғы жағында туған, Қазақстанға мүлде келіп көрмеген бойжеткеннің қазақ және Орталық Азия мәдениетіне қызығуының себебі не?
– Неге бұл жақты зерттеп жүргенімді білмеймін. Бірақ бұл адамдармен менде бір байланыс бар. Мүмкін менің жаным қазақ шығар.
– Қазақ халқы Орталық Азиядағы басқа ұлттардан қандай қасиеттерімен ерекшеленеді деп санайсыз?
– Америкада бір қазақты көрсем, қатты қуанамын. Таныса келе, «мен қазақ емеспін, бірақ сізді көргеніме қуаныштымын» деймін. Меніңше, қазақтар өте жақсы адамдар. Менің әкем жергілікті үндіс екенін айттым ғой, бірақ әкемнің отбасы өздерінің тілінде сөйлемейді. Кейде қазақ тілін білмейтін, орысша сөйлейтін қазақтарды көргенде, өз отбасым есіме түседі. Бірақ қазақша сөйлейтін қазақтарды көргенде өте бақытты боламын.
Негізінен америкалықтар да жақсы, бірақ қазақтардың жан-дүниесі таза. Америкалықтардың ішкі ойын білу қиын, ал қазақтар сені ұнатпаса бірден айтады. Оған қоса, қазақтар адамдарға көмек қолын созады, қайырымды келеді. Мен ондай көп видео көрдім. Егер бір адам жаман нәрсе жасаса, оған көп адам әрекетінің жаман екенін айтып, ескерту жасайды. Ал Америкада бір адам жамандық істеп жатса, адамдар оған көз жұмып, мән бермей өтіп кете береді. Мен америкалық адамдардың осы қасиетін ұнатпаймын.
Сосын мен қазақтардың қонақжайлылығын жақсы көремін. Егер бір адам өзге бір қазақтың үйіне барса, олар көп тамақ істеп, жақсы қарсы алады. Америкада адамдар ондай емес. Әрине, менде қазақтың қонақжай қасиеті бар. Бізде егер адам 20 сағат көлікпен жол жүріп келсе, оларға тек 1 күн қонуға ғана рұқсат етеді. Ал қазақтар бір-бірінің үйінде 1 ай, 2 ай жата береді ғой. Америкалықтар мүлде ондай емес.
– Сіз туралы алғаш естігенімде, ең бірінші аты-жөніңізге таңырқадым. Өзіңізге мағынасы терең, таза қазақша ат таңдап алыпсыз. Неге дәл осы Айбала Құдайбергенқызы есімін таңдадыңыз?
– Айбала деген есім маған ұнайды. Әжем мені moon girl деп еркелетеді. Үнемі «сен ай қызысың» деп отырады. Сол үшін мен де қазақша атымды Айбала деп қойдым. Құдайбергенқызы деген текті де жақсы көремін. Өйткені Құдайберген деген ат қазақ дәстүріне өте жақын. Әлеуметтік желіде көп адам тегімді “Димаш Құдайбергенге қатысы бар ма?” деп сұрап жатады. Бірақ бұл тектің оған еш қатысы жоқ. Мен өзіме Құдайбергенқызы деген текті таңдап алғанда Димаш туралы білген жоқпын.
– Бір сөзіңізде Қазақстанға келгіңіз келетінін айтып қалдыңыз. Алдағы уақытта елімізге сапарлау жоспарыңызда бар ма?
– Қазір бір жоспарым бар. Алдымен Ресейге барамын. Мені онда бір шоуға шақырды. Шоу ұйымдастырушыларынан “Қазақстанға бара аламын ба?” деп сұрадым. Олар “мүмкін” деді. Қазақстанда бірінші Алматыға барамын, өйткені онда көп достарым бар. Екінші Шымкентке, үшінші Қызылорда және төртінші Астанаға баруым мүмкін. Бірақ Америкадан Қазақстанға ұшып бару аса қымбат. Көп адам Америкада көп ақша бар, олар бай, қалаған жеріне бара алады деп ойлайды. Бірақ, шындығына олай емес. Бірақ ақша мен уақыт тапқан бойда, бірден Қазақстанға жол тартамын.
Бұған дейін 10 шақты тіл білетін қызылордалық полиглот туралы жазған едік.
Сондай-ақ бірде-бір күн тіл үйрену курсына бармай-ақ 15 тілді меңгерген қазақ қызымен де сұхбат құрған едік.