Америкалық сарапшы қазақ кәсіпкерлеріне қымыз экспорттауға кеңес берді

АҚШ Ақ үй жанындағы қорғаныс департаментінің кеңесшісі, Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі Эдвард Люттвак қазақстандық өнімдерден қымыз ұнайтынын, алайда оны Вашингтонда еш жерде сатып ала алмайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Astana Club форумында тілшілерге берген сұхбатында сарапшы халықаралық қақтығыстардың Орталық Азия елдерінің экономикасына қалай әсер еткенін айтты.

«Әрине, тікелей емес, бірақ жанама түрде Орталық Азия экономикасы бұл қақтығыстан зардап шегіп отыр. Бірақ мен мынадай маңызды нәрсені айтқым келеді: Орталық Азияда экономиканы интернационалдандыру керек. Бұл қазіргі уақытта экспорт жеткілікті көлемде болуы керек дегенді білдіреді. Қазақстанда, Орталық Азияда экспорт көлемі төмен. Мысалы, маған қымыз сусыны өте ұнайды. Бірақ мен оны Вашингтонда сатып ала алмаймын. Қазақтардың өздері бизнеске бағдарланған, экспортқа бет бұрған болуы керек. Экспорттайтын экономикалар ғана табысты болады. Мысалы, қымызды ерекше сусын ретінде көп адам сатып алар еді. Бұл жерде әңгіме қандай қақтығыстар болып жатқанына, күштің тепе-теңдігіне байланысты емес, кәсіпкерлік қабілет жөнінде. Бұл Ресейге немесе Бейжіңге байланысты емес, қазақтардың кәсіпкерлік қабілеті мен бизнеске бағдарлануына байланысты», — деп атап өтті Эдвард Люттвак.

Сонымен бірге, халықаралық сарапшы Қазақстанның қазіргі жағдайда жүргізіп отрған саясаты туралы да айтты.

«Саяси тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев өзін саясаткер ретінде өте жақсы көрсетті. Сонымен қатар, Ресейде мобилизация басталғанда біз көптеген жас ресейліктердің Қазақстанға келгенін көрдік. Қазақстанда бюрократия аз. Олар тез арада түрлі құжаттарын, қағаздарын рәсімдей алды. Өз кезегінде бұл жас іскер ресейліктерді осында келіп, бизнес бастауға, жұмыс істеуге тарта алды. Қазақстанның географиялық орналасуына байланысты мүмкіншіліктері онша көп емес. Дегенмен Қазақстан қолда бар мүмкіндіктерін жақсы пайдалана алды», — деп толықтырды Эдвард Люттвак.

Айта кетейік, елордада дәстүрлі Astana Club форумы өтіп жатыр.

Бұл форум — жыл сайын көрнекті саяси қайраткерлерді, дипломаттарды, беделді ғалымдарды және әлемдегі ең ірі талдау орталықтарының жетекші сарапшыларын жинайтын халықаралық пікірталас алаңы.