Америкалық журналист US Open финалында Рыбакина жеңіске жетеді деп болжады

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық SBNation.com журналисі Оливер Фокс Елена Рыбакинаның (WTA рейтингінде 2-орын) US Open-2026 турнирінің финалында Арина Соболенконы (2-орын) жеңетініне сенімді, деп жазады Sports.kz .

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

— Соңғы уақытта Рыбакина жеңіске жетудің өз формуласын тапқандай. Ол бірінші доптан кейінгі ұтыстардың 70 пайыздан астамын өз пайдасына шешіп, сонымен қатар эйстерді өте көп жасайды. Ал қабылдау көрсеткіші бойынша Рыбакина да, Соболенко да турнирдегі орташа деңгейге жақын. Дегенмен екеуі де WTA-дағы Линда Носковамен бірге ең мықты доп берушілердің қатарында. Әсіресе қарсыластарына брейк жасау мүмкіндігін барынша аз беруге шебер. Бұл көрсеткіш бойынша олар турдағы үздік нәтижеге ие: өз доп беру кезіндегі бір геймде небәрі 2,3 ұпайдан ұтылады, — деп жазды шетелдік журналист.

Сондай-ақ ол Соболенко әлі де жан-жақты әрі қауіпті ойыншы екенін атап өткен.

— Ол биылғы матчтарының 80 пайыздан астамын жеңді. Әдетте дәл осы көрсеткіш нағыз үздіктерді әлі сол деңгейге жетуге талпынып жүргендерден ажыратады. Алайда, бәлкім, бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген уәж емес шығар, бірақ биылғы жыл Рыбакинаға тиесілі секілді сезім бар. Ол өте мықты қарсыластарға қарсы керемет теннис көрсетіп жүр. Оның ойынға деген көзқарасы, психологиялық дайындығы мен алаңдағы барынша жоғары шоғырлануы мені ерекше таңғалдырады, — дейді Оливер Фокс.

Америкалық журналистің айтуынша, Соболенко Еленамен соңғы кездесулеріндегі төрт сетте қатарынан жеңіске жеткеніне қарамастан, бұл жолы Рыбакина жеңеді.

— Мұны дәлелдейтін нақты дерегім жоқ, тек чемпиондық деңгейдегі теннисті ажырата алатыныма деген өзіме деген сенімім бар. Қазір Рыбакина, қарапайым тілмен айтқанда, чемпиондық деңгейде ойнап жүр, — деп жазды Фокс.

US Open турнирінің Рыбакина мен Соболенко арасындағы финалы 12 қыркүйектен 13 қыркүйекке қараған түні өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Елена Рыбакина US Open-2026 финалына шыққанын хабарлаған болатынбыз.