Америкалықтардың патриотизмінен нені үйренуге болады — Рауан Кенжеханұлының пайымы

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттілікті сақтау, нығайту және абыройын асқақтату — әрбір азаматтың міндеті. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Бүгінгі басты міндет — мемлекеттілікті нығайту. Бұл — ешқашан тоқтамайтын процесс. Өйткені экономикалық, гуманитарлық, мәдени және ақпараттық сипаттағы түрлі қатерлер, қауіптер мен тәуекелдер бар. Осының бәріне жүйелі түрде төтеп беріп, олардың зиянды әсеріне қарсы тұру, сонымен қатар туындайтын мүмкіндіктерді еліміздің пайдасы мен мүддесіне сай дұрыс пайдалана білу — мемлекеттің міндеті. Ал мемлекетті құрайтын мемлекеттік институттар, бизнес, қоғамдық ұйымдар, азаматтық қоғам мен медиа осы міндетті өздеріне ортақ деп тануы керек. Бұл тек мемлекеттік жүйенің немесе биліктің ғана міндеті емес, — деді ол.

Оның атап өтуінше, «Қазақстан» немесе «мемлекет» дегенде, тек билікті ғана емес, бизнесті, қоғамдық ұйымдарды, азаматтық қоғамды, мәдениет ошақтарын да қамтитын ортақ жауапкершілікті түсінуіміз керек.

— Түптеп келгенде, мемлекеттілікті сақтау, нығайту, оны дұрыс таныту және елдің абыройын асқақтату — әрбір азаматтың міндеті. Қазақстан азаматы атанып, көк паспортты алғаннан кейін, қай жерде жүрсе де, еліміздің беделі мен абыройына нұқсан келтірмейтіндей әрекет етуі керек. Әр адам бұған өзінің ісімен, мәдениетімен, жүріс-тұрысымен және сөзімен тікелей жауапты. Бара-бара азаматтық қоғамымыз да осы түсінікке келеді деп ойлаймын. Сондықтан қазіргі кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі — қоғам мен мемлекетті мемлекеттілік идеясының төңірегіне ұйыстыру. Меніңше, патриотизмді қалыптастыру дегеніміз — осы, — деді Рауан Кенжеханұлы.

Осы орайда ол америкалықтардың патриотизмін мысалға келтірді.

— Әр үйдің алдында ту тұрады, олар қай жерде жүрсе де, Америка туралы үлкен мақтанышпен айтады. Америка жайында бірдеңе айта бастасаң, «Байқап сөйлеңіз, ол — менің Отаным» деп бірден ескерту жасайды. Спортта болсын, мәдениетте болсын, азаматтардың өз елін кемсітіп сөйлегенін немесе оған наразылығын ашық білдіргенін өте сирек кездестіресің. Тіпті, осындай пікір айтылған күннің өзінде, айналасындағы адамдардың сол кісіге деген құрметі азайып, оған деген қызығушылығы мен тартымдылығы төмендейтінін байқауға болады. Осындай мәселелерді біз де ашық айтып, мемлекеттілігі нығайып, тұғыры биіктеген Қазақстанның азаматтарын тәрбиелеуге баса мән беруіміз керек. Азаматтарымызды Қазақстанның өкілі ретінде қай жерде қалай әрекет етуге, өз елінің мәдениетімен, әдебиетімен және тарихымен қалай мақтануға болатынын түсінетіндей етіп тәрбиелеуіміз қажет. Ол үшін тиісті жағдай жасауымыз керек, — деді ол.

Бұған дейін Рауан Кенжеханұлы Республика мен Тәуелсіздік күндерінің айырмашылығы неде екенін түсіндіріп берді.