Америкалық интернет-гигант Google-дің акциялары бұрын-соңды болмаған деңгейге жеттi

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Америкалық интернет-гигант Google-дің акциялары бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, 900 доллар шектен асып түсті.

Сәрсенбі, 16 мамырдағы сауда сессиясы барысында компанияның бағалы қағаздары 3,3%-ға өсті. Бұл туралы Қазақстанның Халықтық IPO бағдарламасының ресми сайты хабарлады.

Өсім Сан-Францискода Google I/O конференциясының алғашқы күні өтіп жатқан кезде болды, онда Google бірнеше жаңа сервистердің іске қосылуын таныстырған болатын. Осы жылдың басынан бері IT-гигант акциясы 30%-ға қымбаттады.

Сол күні АҚШ-тың қор индекстері рекордтық шекті жаңартты. Сауда жабылғанда S&P 500 1658 пунктке дейін, Dow Jones - 15275 пунктке дейін, жоғары технологиялы NASDAQ - 3471 пунктке дейін жоғарылады. Сарапшылар бұл өсімді АҚШ федералдық резерв жүйесінің экономиканы ынталандыруды жалғастыратынымен түсіндіреді.