Америкалық кейбір компаниялардың жағдайы тым нашар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық кейбір компаниялардың жағдайы тым нашар. Олардың бірқатары қолына таяғын ұстап, тақырда отырып қалмаудың қамымен жанталасып жатыр. Ал мұның барлығы ел халқының тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізері сөзсіз, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Мұнай бағасының құлдырауына байланысты Техастың мұнай-газ саласындағы General Electric компаниясы әрі-сәрі күй кешуде. Құрылым алдағы наурыз айынан бастап жұмысшы-қызметкерлерінің 45 пайызын «бостандыққа» шығарып салуды жоспарлауда.

Компанияның мұндай қадамға баруына, әрине, қаржы тапшылығы мәжбүр етіп отыр. Бұдан бөлек, АҚШ-тағы электроника өнімдерін сатумен шұғылданатын компаниялар да төтеп бере алар емес. Мәселен, соңғы кездері Radio Shack атты алпауыт банкротқа ұшырады. Соның салдарынан 2 400 дүкенін сатылымға қойды. Оның 1 500-ге жуығын елдегі Amazon компаниясы сатып алуға ниет білдіруде. Сарапшылардың айтуынша, орасан шығынға батқан Radio Shack құрылымы акцияларының құны 90 пайызға құлдыраған. Бұл жыл басынан бері АҚШ-тың банкротқа ұшыраған ірі қаржы институттары мен тұралаған кәсіпорындарының қатары қалыңдай түскенін аңғартады. Әрине, бұл жағдайлар мемлекеттегі әлеуметтік түйткілдердің күрделене түсуіне әсер етпей қоймайды.

Орайы келгенде айта кетейік, бүгінгі АҚШ-та әрбір бесінші бала жоқшылықтың зардабын тартуда. Сөзіміз дәлелді болуы үшін таяуда жүргізілген зерттеу нәтижелеріне көз жүгіртелік. 2008 жылғы қаржы дағдарысы басталғаннан кейін жарытып тамақ ішпейтін америкалық балалардың саны 2 есеге артқан. Перзенттерін тамақтандыру үшін көптеген ата-аналар азық-түлік банктеріне ұдайы алақан жаюға мәжбүр көрінеді. Мемлекеттегі Халық санағы бюросының мәліметіне қарағанда, елде 16 миллионнан астам жеткіншек бір тілім нан таба алмай, қысылып отырған отбасыларда тұрады екен. Қаржы дағдарысы басталған 2008 жылға дейін олардың саны 9 миллионды құраған.

«Америкаға арналған демократия» ұйымының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Нил Срока «Елімізде экономиканы қалпына келтіру жұмысы мүлде кереғар жағдайда жүргізілуде. Соның кесірінен жылы-жұмсақтың барлығы тек ауқатты адамдарға ғана бұйыруда. Ал күнделікті нәпақасын әзер тауып жүрген қарапайым жұртшылық үшін ешқандай жақсылық болмай тұр. Тіпті, кейбір салалар бойынша сөз қозғаудың өзі қиын. Қара халықтың жай-күйін ойлап отырған ешкім жоқ. Америкалықтардың 1 пайызы байыған үстіне байып жатыр. Балалардың 20 пайызы аштан ілмиіп, бір тілім нанға қолы жетпеуде.

Соңғы деректерге сүйене сөйлесек, АҚШ өнеркәсібі дамыған 35 елдің ішінде кедейлік тақсіретін тартып отырған балалар саны бойынша екінші орында тұр. Бұл мәселеде Құрама Штаттар тек Румынияға ғана жол береді екен. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, бай мен кедей теңсіздігімен күресу үшін біріншіден, ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту қажет көрінеді. Бұған қоса, артық жұмыс істеуге қатысты еңбек келісімшарттарын қайта қараған жөн. Сондай-ақ, мамандар жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтіміне жарататын қаржы бөлу жүйесін құру қажет деп есептейді.

Айта кетейік, АҚШ-тың бірқатар сарапшылары ел президенті Барак Обаманың таяуда айтқан «орта таптың әл-ауқатын жақсарту ішкі саясаттың басым бағыты» деген сөзіне кекесінмен үн қатуда. Олар егер президент бос сөзден тыйылып, жүйелі жұмыс жүргізбесе, онда мемлекетте қалыптасып отырған экономикалық-әлеуметтік ауыртпалықтар жақын арада жеңілдемейді деп санайды.