Америкалықтар 2020 жылы Ақ үйден Мишель Обаманы көргісі келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент орынтағындағы Дональд Трамптың алғашқы қадамдарына көңілі толмаған АҚШ-тың Демократиялық партиясының жақтастары әлеуметтік желілерде келесі президенттік сайлауға Барак Обаманың жұбайын қатысуға шақыруда.

Сонымен,  Facebook-та өткен жылдың өзінде   «Мишель Обама - 2020 жылы президенттікке» (Michelle Obama For President 2020)  атауымен бірнеше қоғамдастықтар тіркелген. Оған 1,5 млн астам адам жазылған. 

Пікірлерде қатысушылар Трампты сынға алып, бұрынғы президент жұбайының күшті жақтарын талқылауда. Себебі Барак Обама Конституция бойынша енді мемлекет басшысы орнын иелене алмайды. Сондықтан жанкүйерлері оның жұбайына үміт артуда.

Ал Мишель Обама еш уақытта сайлауға қатыспайтынын бірнеше рет мәлімдеген болатын.