Америкалықтар асырап алған өзбек қыздары ата-анасын іздеп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Америкалықтар асырап алған бір үйдің қыздары Өзбекстандағы биологиялық ата-аналарына іздеу салды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне олардың әпкесі Элизабет Азиз айтты.

«Мен Өзбекстанда дүниеге келген жоқпын. Бірақ өгей әпкелерім сонда туып-өскен. Олар өздерінің туған отбасын іздейді. Шарофова Умида Минаварқызы 2000 жылдың 3 шілдесінде, ал Дарханова Фарзонабону Минаварқызы 2003 жылдың 9 желтоқсанында дүниеге келген. Екеуі де Ташкент облысынан. Ондағы мекенжай: Ташкент облысының Шыршық қаласындағы № 1 шағын аудан, 66 пәтер. Олар кедей отбасынан шыққан. Балалар үйінде тұрмаса да, биологиялық ата-аналары шетелдіктердің асырап алуына рұқсат берген», - дейді Элизабет Азиз.

Умида мен Фарзонабонудың шешесінің аты-жөні – Шарапова Саодат Тулкуновна. Әкелері – Шарапов Минавар Дарханович. 2007 жылы солардың келісімі бойынша екі қызды өзге адамдар асырап алған.

«Бізге екі қыздың басқа да әпкелері болғаны белгілі. Фарзонабону қыздардың ең кішісі екен. Қалған қыздар шамамен 6-19 жаста еді. Өкінішке қарай, құжаттарда басқа қыздардың есімдері мен деректері көрсетілмеген. Қолымызда бар мәлімет осы ғана. Кез келген көмек біз үшін пайдалы болмақ», - деді Элизабет Азиз.

Еске салсақ, бұған дейін Элизабет Азиздің өзі де Қазақстандағы туған әкесіне іздеу салған еді.