«Экспресс К» газетінің мәлім етуінше, бағалы тастармен көмкерілген, бірнеше ғасырлық тарихы бар бас киімнің бастапқы құны 15,5 мың АҚШ долларын құрап отыр.
«Қазақтың тақиясын сатылымға антиквариат пен бағалы тастар бойынша мамандандырылған Nadine Krakov Collection америкалық дүкені шығарды. Хабарланғандай, аталмыш тақия Қазақстанда XVII ғасырда тігілген. Ол алтын жіптермен кестеленіп, жеті карат қызғылт гауһартаспен, үш карат лағылмен, төрт карат жақұт тасымен және таза меруертпен безендірілген», - деп жазады басылым.
Антикварлар сатылымдағы тақияны «корольдік» деп атап кеткен. Алайда оның кімге тиесілі болғаны ешкімге де белгісіз болып отыр. Киім-кешек зерттеушілердің айтуынша, аталмыш төбетей ақсүйек адамның бас киімі болса керек. Сарапшылардың атап өткеніндей, осыған ұқсас тақияны XVI ғасырда Ресей Империясында Иван Грозныйдың үлкен ұлы Дмитрий киген. Мәскеу қаласындағы Архангел соборында сақтаулы тұрған патша ұлының бас киімі де лағыл, жақұт және інжу әшекейлерімен көмкерілген.