10 сериялық «Марко Поло» картинасын ағайынды продюсерлер Харви және Боб Вайнштейндер - Miramax және Weinstein company студияларын қалаушылар түсірді. Киноны түсіруге америкалық Netflix компаниясы тапсырыс берген. Драмада Қытай аумағында тұрған 13 ғасырдың венециялық саяхатшы және жазушы Марко Полоның өмірі жайлы баяндалады.
Қазақстан тарапынан фильмді түсіруге желілік продюсер Ахат Ибраев пен оның Adigul family films студиясы үлесін қосты. Айта кету керек, америкалықтар Ахатқа серіктес болу ұсынысын өздері жасаған.
«Марко Поло 17 жыл Құбылай хан хандығында өмір сүрген. Осы уақытта жайлауда тұратын моңғолдар, түркі тілді тайпалар туралы жазған. Оқиға Орталық Азияда өрбиді. Сондықтан Қазақстанда түсіру шешімдері орынды», - деді Ахат Ибраев.
Қазақстан тарапынан «Марко Полоны» түсіруге 400 адам қатысқан. Продюсер атап өткендей: кино түсірушілерге Алматы облысының әкімдігі, ҚР СІМ және «Қазақфильм» жәрдемдескен.
«Марко Поло» телехикаясы 2014 жылдың желтоқсан айында Солтүстік Америка, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі Netflix-ке жазылған көрермендерге ұсынылады. Ахат Ибраев фильм Қазақстанға да жетеді деген пікірде.