Американдық боксшы акуламен айқасты

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Гавай аралдарында серфер өзіне шабуыл жасаған акуламен айқасты. 25 жастағы Джеф Хортон болмашы ғана жараланды.

Оның ойынша, өзінің тірі қалуына бокспен шұғылданғаны көмектескен.

Жыртқыш 20 қазан күні Джеф пен оның жолдастары Кауаи аралының маңында Тынық мұхитында жүзіп жүргенде шабуылдаған. «Мен өзіме қарай келе жатқан толқынды күтіп отырғанмын, кенет маған қарай жүзіп келе жатқан акуланы байқап қалдым. Акула менің тақтайшама ауыз салғанша, соққы жасап үлгердім», - дейді ол.

Джеф Хортон мұндай жағдайда саспай, өзін-өзі қолға алған. «Жүзу қанатын бір қолыммен ұстап алып, екінші қолыммен бар күшіммен көзінен ұрдым. Менің жолым болды, соққыларымның бірі оның көзіне дәл тиді, жыртқыш аузын ашып есеңгірегендей болды, мен тақтайымды қайта қолыма алып, толқынмен жағаға шықтым», - деді журналистерге берген сұхбатында батыл жігіт.