АҚШ өкілі Қ.Саудабаев және барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Американдық дипломат, АҚШ басшылығының тапсырмасы бойынша, стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде Қазақстанды АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкістан бойынша жаңартылған стратегиясы бойынша Президент Барак Обаманың алдағы жасайтын мәлімдемесі туралы хабардар етті.
Ауғанстандағы ахуал Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің басты тақырыптарының бірі болғаны баршаға аян. ЕҚЫҰ Саммитінің тамаша ұйымдастырылғанын және табысты өткізілгенін атап көрсеткен Р.Блейк, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі қолдауы үшін Қазақстанға және елдің басшысына алғысын білдірді.
Қ.Саудабаев өз кезегінде, Стратегияда қатар қарастырылған әскери және азаматтық мәселелердің маңыздылығын атап көрсетті және Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық сауықтыру шараларын біртіндеп арттырудың қажеттілігіне тоқталды. Ол сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына, әсіресе Астана Саммитін өткізуде көрсеткен қолдауы үшін американ тарабына алғысын білдірді.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамуына қанағаттанғандық білдірді және ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға үлкен негіз бар екенін айтып өтті.