Американдық тарап ҚР-ның ұлттық заңнамалық базаны қалыптастыру және оны ДСҰ негізгі ережелеріне сәйкестендіру тұрғысындағы жұмысын оң бағалады

None
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат - Қыркүйектің 7-сі мен 10-ы аралығында ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов басқарған қазақстандық делегация Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі екіжақты келіссөздерге қатысу үшін Вашингтонда болды, деп хабарлайды ҚР-сының АҚШ-тағы елшілігінің баспасөз қызметі.

Бұл сапарды американдықтар ҚР Президенті Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Б.Обаманың арасындағы осы жылғы сәуірдің 11-індегі кездесуде қол жеткізген уағдаластықтарды практикалық іс жүзіне асыру ретінде қарастырады, онда екі елдің көшбасшылары Қазақстанның ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер үдерісін аяқтау жөніндегі күш-жігерді шапшаңдатуға уағдаласқан болатын.

Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы өнімдері саудасын қоса алғанда, мемлекет бақылауындағы кәсіпорындардың қызметін реттеу, сондай-ақ екіжақты келіссөздерді аяқтау жөніндегі одан әрі жұмыстың кестесін келісу сияқты бірқатар мәселелер қаралды.

Тұтастай алғанда, американдық тарап ҚР-ның ұлттық заңнамалық базаны қалыптастыру және оны ДСҰ негізгі ережелеріне сәйкестендіру тұрғысындағы жұмысын оң бағалады. Сондай-ақ Қазақстанға американдық өнімдер экспорты үшін ветеринарлық сертификаттар үлгілері келісілді, олар халықаралық стандарттарға негізделетін болады.

Тараптар Кеден одағы шеңберінде Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің арасындағы жаңа сауда-экономикалық режимі қабылдануының ҚР-ның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздерге әсері мәселелері талқыланды.

Орын алған кеңестер екі тараптың да екіжақты келіссөздерді өзара тиімді негізде аяқтауға талпыныстарын нақтылап берді.

Техникалық кеңестердің жалғасы ретінде, 2010 жылғы қыркүйектің 13-17-сі аралығында екіжақты кеңестерді жоғары саяси деңгейде жүргізу мақсатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың Вашингтонға сапары өтеді. Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларының сапары барысында олардың Ақ үйде, Мемлекеттік департамент пен Конгресте, сонымен қатар АҚШ Сауда Өкілі әрі елшісі Рон Керкпен кездесулері жоспарланып отыр. Бұл кездесулер барысында Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінің келіссөздер үдерісінде маңызды қадамдар жасау жоспарлануда.