Американдықтар мен кейбір батыс елдері қолданатын терминдер өз маңызын жойды - Иран СІМ спикері

АЛМАТЫ. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Американдықтар мен кейбір батыс елдері адам құқығын желеу етіп өздерінің көңілінен шықпаған елдерде төңкеріс жасаушыларға қолдау көрсетуде. Оны Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің спикері Рамин Мехманпараст бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Иранның Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісінің айтуынша, кеше Алматыда өз жұмысын аяқтаған ІХ Еуразиялық медиа форумның бір мәжілісі "Белгісіз" Иран ..." деген тақырыпта өтті. Онда мәлім болған бір жәйт, әлем елдері үшін Иран соншалықты белгісіз ел емес. Олар көбіне тек Иранның өзіндік ұстанымынан ғана жеткілікті дәрежеде хабарсыз болып қалуда.

"Американдықтар мен кейбір батыс елдері адам құқығы туралы айтып, біз демократия жағындамыз дейді. Әйтсе де демократиялық жолмен билікке келген үкімет оларды қанағаттандырмаса, біз мұндай демократияны қаламаймыз деп қабылдамайды. Ал кейбір елдерде аяқ астынан төңкерістер орын алса оны жасайтындарды қолдайды. Өздерінің бұл әрекеттерін демократия деп түсіндіруге тырысады", дейді Рамин Мехманпараст.