Американдықтар Обама мен Хиллари Клинтонды құрмет тұтады - сауалнама

АСТАНА. ҚазАқпарат - Американ қоғамында ең құрметті тұлға АҚШ президенті Барак Обама мен экс-мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон болып шықты. Американдық Gallup қоғамдық пікір институты желтоқсанның басында өткізген сауалдама мәліметтері осындай, деп хабарлады РИА Новости.

Осы сауалдамада Обама соңғы 7 жыл бойы, ал Хиллари Клинтон 13 жыл бойы бірінші орынға ие болып келеді. Клинтон 1993 жылдан бері 19 рет бірінші орынға шыққан.

Әлеуметтанушылардың респондент естіген, оқыған және таңданатын қазірде бар әйел адамның есімін атау жөніндегі өтінішіне сауалдама сұралғандардың 12 пайызы Хиллари Клинтонды атаған. Екінші орында - танымал тележүргізуші Опра Уинфри (8%), үшінші орында - пәкістандық құқық қорғаушы Малала Юсуфзай (5%).

Қазіргі заманғы танымал әйелдердің ондығында АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс, АҚШ-тың бірінші ханымы Мишель Обама, актриса Анджелина Джоли, Алясканың экс-губернаторы Сара Пэйлин, Кембридж герцогинясы Кэтрин Миддлтон, АҚШ сенаторы Элизабет Уоррен және Джордж кіші-Буштың зайыбы Лора Буш аталған.

Ал ерлерге қатысты айтар болсақ, американдықтар Барак Обаманы құрмет тұтатын көрінеді, оның есімін респонденттердің 19 пайызы атаған. Одан кейін Рим Папасы Франциск (6%) және АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон (3%)тұр.

Рейтингіге сондай-ақ діни және қоғам қайраткері Билл Грэм, АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж кіші-Буш, нейрохирург Бен Карсон, британдық физик-теоретик Стивен Хокинг, Microsoft компаниясын құрушылардың бірі Билл Гейтс, американдық журналист Билл О'Рейли, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кірді. Танымал ер адамдардың ондығын Ресей президенті Владимир Путин тұйықтаған - оның есімін сауал сұралғандардың 1 пайызы атаған.