Амир, Сафия, Хадия: Түркістан облысында үшем дүниеге келді

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылындағы Исраиловтар отбасында үшем – бір ұл және екі қыз дүниеге келді. 

Бұған дейін бес ұл тәрбиелеп отырған шаңырақтың қуанышы еселеніп, отбасы жаңа мүшелермен толықты. Сәбилерге Амир, Сафия және Хадия есімдері берілді.

Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев және зиялы қауым өкілдері жас ананың жағдайын біліп, сәбилерге арналған сый-сияпаттарын табыстады.

– Үшемнің дүниеге келуі – ауданымыз үшін үлкен қуаныш. Жаңа өмір есігін ашқан бөбектерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз. Олар ата-анасының үмітін ақтап, туған еліне адал қызмет ететін азаматтар болып өссін, - деді Бақытжан Букебаев.

Айта кетейік, бұдан бұрын үшемдері бар отбасылар қай өңірлерде көп тіркелгенін жазған болатынбыз.