Amnesty International Трампты адам құқықтары саласындағы дағдарысқа кінәлады
АСТАНА. KAZINFORM – Amnesty International адам құқықтарының жаһандық дағдарысы туралы ескертті. Ұйым бұл жағдайды «Трамп әсерімен» байланыстырып, деструктивті үрдістердің қарқын алғанын мәлімдеді.
Халықаралық ұйымның «Әлемдегі адам құқықтарының жай-күйі» атты жыл сайынғы баяндамасында АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі жүргізіп отырған құқыққа қарсы саяси науқан адам құқықтарын қорғаудың халықаралық тетіктеріне нұқсан келтіріп, бүкіл әлем бойынша миллиардтаған адамның өміріне қауіп төндіріп отырғаны айтылған.
Құжатта пікір білдірушілерге қарсы ауқымды репрессиялар, қарулы қақтығыстардың ушығуы, климаттық дағдарысқа қарсы әрекеттердің жеткіліксіздігі, сондай-ақ мигранттар, босқындар, әйелдер, қыздар мен ЛГБТ қауымдастықтарының құқықтарына қатысты кері реакция артып келе жатқаны көрсетілген. Ұйым 2025 жылы бұл салаларда жағдай тіпті қиындай түсуі мүмкін екенін ескертеді.
— Екінші президенттік мерзімінің жүз күнінде Трамп адам құқықтарының жалпыға ортақ қағидаттарына мүлде немқұрайлы қарайтынын көрсетті. Оның үкіметі АҚШ пен халықаралық деңгейде адамзаттың қауіпсіздігі мен әділеттілігі үшін құрылған бастамалар мен институттарға тікелей соққы беруде. Көпжақтылық, босқындар құқығы, нәсілдік және гендерлік теңдік, жаһандық денсаулық сақтау мен климаттың өзгеруіне қарсы шаралар сияқты ұғымдарға қарсы ашық шабуыл өзге де елдердегі адам құқықтарын жоққа шығаратын көшбасшылар мен қозғалыстарға дем беріп отыр, — делінген Amnesty International мәлімдемесінде.
Бұған дейін Илон Маск USAID және Демократияны қолдау ұлттық қорына бөлінетін шығындарды қысқартуды ұсынған. Оның айтуынша, Трамп билігі тұсында АҚШ өзге елдердің ішкі ісіне араласуға онша құлықты емес.