Әмір Маймұратов құзға өрмелеуден Сеулдегі әлем кубогында 2-орын алды

Фото: Фото: instagram.com/kazclimbing

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық спортшы Сеулдегі турнирде үздіктер қатарынан көрініп, күміс жүлдені еншіледі. Бұл туралы kazclimbing Instagram парақшасы хабарлады. 

Отандасымыз іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, 6-орынға табан тіреді. Осылайша Әмір 1/8 финалға жолдама алды. Ол алғашқы айналымда Тайланд спортшысын қапы қалдырса, 1/4 финалда 2023 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы АҚШ спортшысын жеңді. 

Ал, 1/2 финалда әлем чемпионы Маттео Цурлониден басым түсті. Шешуші сында Маймұратов Қытайдан келген қарсыласына есе жіберіп, 2-орынға ие болды.

Қазақстандық спортшының аталған турнирдегі ең үздік көрсеткіші – 5,1 секунд. 

Айта кетейік, Әмір Маймұратов Париждегі төртжылдықтың басты додасында құзға өрмелеуден Олимпиада рекордын жаңартқан болатын.