Әмір Маймұратов спорттық құзға өрмелеуден үздік үштікке кіру үшін бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM – Спорттық құзға өрмелеуден «жылдамдық» дисциплинасы бойынша келесі әлем кубогының кезеңі Краковта (Польша) өтеді. Бұл турнир жалпы есептегі орындарды анықтауда маңызды рөл атқарады. Үздік үштікке кіру үшін қазақстандық Әмір Маймұратов та бақ сынайды. Бұл туралы Olympic.kz жазды.
Қазір бірнеше спортшы үздік үштікке кіруге үміткер ретінде саналады. Биылғы әлем кубогындағы нәтиже айырмашылықтары бәсекенің қыза түсуіне себеп болып отыр. Индонезия өкілі Киромал Катибин рейтингте көш бастап келеді. Оның қоржынында 2380 ұпай бар. Одан кейін АҚШ спортшысы Самуэль Уотсон орналасқан – 2300 ұпай. Екеуі де биыл бірнеше кезеңде топ жарып, жалпы есептегі жеңіске басты үміткерлердің қатарына қосылды.
Үздік үштікті қытайлық Лун Цзяньго түйіндеп тұр – 1925 ұпай. Егер ол Краковта жарысты мерзімінен бұрын аяқтаса, жалпы рейтингте төмен түсуі мүмкін. Оған бірнеше спортшының жақындап қалуы ықтимал. Солардың қатарында біздің Әмір Маймұратов та бар.
Биылғы маусымда Олимпиада ойындарының қатысушысы әзірге жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Дегенмен ол біртіндеп қарқын алып келеді. Жуырда АҚШ-тың Денвер қаласында өткен әлем кубогында Әмір алтыншы нәтиже көрсетті. Жалпы ол үш кезеңге қатысты. Сонымен қатар оның есебінде сегізінші және 11-орындар да бар.
Өткен жылдың соңында Әмір Маймұратов Неомда (Франция) өткен турнирде жеңімпаз атанған болатын. Ол кезде Катибин мен Уотсонды да басып озған еді. Сондықтан оның әлеуетіне күмән келтіру қиын. Бұдан бөлек, Париж Олимпиадасында қазақстандық спортшы бесінші орын алған еді, бұл да оның мүмкіндіктерін көрсетеді.
Маусым енді ортасына таяп қалды. Демек, Әмір дәл осы кезеңде бабына келіп жатқан болуы мүмкін. Бұған оның АҚШ-тағы соңғы әлем кубогында көрсеткен өнері дәлел.
Жеңіс тұғырының биігіне көтерілу қиын болмақ. Себебі жалпы есепте жоғары орындарға таласатын спортшылар жетерлік. Мұнда қытайлық Шуохун Чу, жапониялық Рё Омаса, америкалық Зак Хаммер, сондай-ақ украиналықтар Григорий Ильчишин мен Ярослав Ткач бар. Краковтағы кезең тек жүлделер үшін емес, жалпы есепте шешуші рөл атқаратын маңызды ұпайларды да сарапқа салатын тартысты дода болғалы тұр.
Айта кетейік, жалпы ұпай кестесінде қазақстандықтар да бар: Бекнұр Алтынбеков 613 ұпаймен 15-орында, Дамир Тоқтаров 219 ұпаймен 37-орында, Жандос Қалибай 93 ұпаймен 41-орында, Әлішер Мұрат 53 ұпаймен 51-орында тұр.
Әйелдер арасында Тамара Ұлжабаева 446 ұпаймен 23-орынға жайғасса, Анна Балларшина 175 ұпай жинап, 37-орынға тұрақтады.
Айта кетейік, әлем кубогының кезеңі 5-6 шілде аралығында өтеді.
Астанадағы жарыста бүгін қазақстандық сегіз боксшы шаршы алаңға шығатынын жазған едік.