Әмір Омарханов АҚШ-тағы әлемдік жарыстың жеңімпазы атанды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның 18 жасқа дейінгілер арасында бірінші ракеткасы Әмір Омарханов жұптық сында АҚШ-тың Флорида штатында өткен ITF Juniors J500 Orange Bowl турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші ресейлік Тимофей Дерипаскомен бірге 18 жасқа дейінгілер арасында үздік шықты.
Қазақстандық-ресейлік жұп финалда швейцариялық Анри Берно – чехиялық Денис Петакпен бас жүлдені сарапқа салды. Омарханов – Дерипаско камбэкпен жеңіске жетті – 3:6, 6:1, 10:1.
Orange Bowl жыл сайын Плантейшенде өткізіледі. Жарыс жасөспірімдер арасында ресми емес әлем чемпионаты болып есептеледі. Матчтар жасыл топырақ төсенішінде ашық корттарда ойналады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жаңа бапкермен бірге маусымға дайындықты бастағанын жазған едік.