Әмір Омарханов алғаш рет Уимблдон турнирінің жартылай финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында жұптық сында Уимблдон турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ресейлік Егор Плешивцевпен бірге ширек финалда оңтүстікамерикалық Коннор Доиг – үндістандық Криш Тьяджимен кездесті.
Бірінші партияны қазақстандық-ресейлік дуэт брейкпен аяқтады – 6:4. Олар екінші сетте де 4:2 есебімен алға шыққанымен, оңтүстікамерикалық-үндістандық жұп таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Әмір мен Егор жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:8).
Матч 1 сағат 24 минутқа созылды.
Осылайша, Әмір Омарханов спорттық жолында алғаш рет Уимблдон жарысының жартылай финалына жолдама алды.
Өткен жылы Әмір Ролан Гаррос турнирінде ресейлік Тимофей Дерепаскомен бірге жартылай финалда өнер көрсеткен еді.
Ә.Омарханов – Қазақстан теннисі тарихында жасөспірімдер арасында осындай табысқа жеткен үшінші спортшы.
1997 жылы Ирина Селютина зимбабвелік Кара Блэкпен бірге Франция ашық чемпионаты мен Уимблдонда үздік шыққан еді. Сондай-ақ Әмина Рахым 2005 жылы Ролан Гарростың финалына, АҚШ чемпионатының жартылай финалына дейін жетті. Бір жылдан кейін Аустралия біріншілігінің жартылай финалында ойнады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әмір Омархановтың жұптық сында Уимблдон турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.