АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 1349-ракеткасы, 16 жастағы Әмір Омарханов Астанада өтіп жатқан ITF M25 турнирінің ширек финалына шықты.
Ә.Омархановтың екінші айналымда әлемнің 789-ракеткасы, қытайлық, 27 жастағы Ван Аожаньмен кездесуі өте тартысты өтті.
Таразы басы біресе қытайлық, біресе қазақстандық теннисшіге ауып отырды.
Бірінші партияда есеп 5:6 болған мезетте Әмір өзі доп бергенде, 40:0 есебімен алда тұрып, есе жіберіп алды — 5:7.
Есесіне екінші сетте Әмір қарымта қайтара алды — 6:4.
Содан кейін шешуші партияда тай-брейкте матчты өз пайдасына шешті — 7:6 (7:1). Тартысты ойын 2 сағат 53 минутқа созылды.
Қазақстанның жас жұлдызы жартылай финалға шығу үшін әлемнің 737-ракеткасы, 28 жастағы үндістандық Эс Де Праджвал Девпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның Астана жарысының ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).