Әмір Омарханов Астанадағы жарыстың жартылай финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 1349-ракеткасы, 16 жасар Әмір Омарханов Астанада өтіп жатқан ITF M25 турнирінің жартылай финалына өтті.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 737-ракеткасы, 28 жастағы үндістандық Эс Де Праджвал Девпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Әмір 6:2 есебімен басымдылық танытты. Екіншісінде үндістандық теннисші дәл сондай есеппен есе қайырды — 6:2.
Үшінші, шешуші сетті Омарханов жеңіспен түйіндеді — 6:2. Тартысты ойын 2 сағат 43 минутқа созылды.
Осылайша, Әмір елордада ересектер арасында өтіп жатқан жарыстың жартылай финалына жолдама алды. Оның келесі қарсыласы кейін анықталады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 1013-орындағы Сандуғаш Кенжебаева Астанада әйелдер арасында өтіп жатқан ITF W35 додасының ширек финалда әлемнің 417-ракеткасы, ресейлік Татьяна Прозороваға жол берді.
Ол бастапқы партияда 0:6 есебімен ұтылғаннан кейін бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина Париж Олимпиадасында неге ойнамайтынын түсіндірген болатын.