Әмір Омарханов Мадрид мастерс турнирінде ойнаған ең жас қазақстандық атанды

Фото: Фото: Қазақстан теннис федерациясы

МАДРИД. KAZINFORM - Қазақстандық, 16 жастағы Әмір Омарханов Мадрид мастерс турнирінде ойнаған ең жас қазақстандық теннисші атанды.

Ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған Әмір Омарханов іріктеу сайысында өзінен 20 жас үлкен, әлемнің 86-ракеткасы, Испания өкілі Роберто Баутиста-Агутпен шеберлік байқасты.

Жасөспірімдер арасында ITF рейтингісінде 13-орында тұрған қазақстандық жас теннисші бірінші партияда 2:1 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Әлемнің бұрынғы 9-ракеткасы тәжірибесі мен шеберлігінің басым екенін көрсетті - 6:2. Ол екінші сетті де 6:1 есебімен ұтты.

Әмір Омарханов азулы қарсыласына есе жібергенімен, мастерс жарысындағы алғашқы кездесуін өткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мадрид мастерс турнирінде Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның бақ сынайтынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев әлемдік рейтингіде рекордтық көрсеткішіне қол жеткізді.