АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 757-ракеткасы, 18 жастағы Әмір Омарханов Монастир (Тунис) ITF M15 турнирінің финалына шықты.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемдік рейтингіде 857-орында тұрған 27 жастағы германиялық Лука Виденманмен сынға түсті.
Бірінші партияда Әмір 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте де тәжірибелі қарсыласын тықсыра білді – 6:1.
Әмір Омарханов финалда рейтингіде 910-сатыдағы жаңазеландиялық Антон Шеппен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда әлемнің 449-ыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы, словакиялық Милош Карольмен кездесті. Есеп 5:4 болып, А.Шепп жеңіп жатқан сәтте словакиялық теннисші матчты жалғастырудан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Данилинаның екінші рет Индиан-Уэллс турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина ТОП-10-ға кіретін теннисшілермен болған кездесуде қатарынан 12 матчта жеңіске жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).