АСТАНА. KAZINFORM – 18 жасқа дейінгілер арасында ITF әлемдік рейтингіні жария етті. Қазақстанның жас жұлдызы, 16 жастағы Әмір Омарханов 16-дан 15-орынға көтерілді.
Осылайша, Әмір өзінің үздік көрсеткішіне (2024 жылғы ақпан, №12) жақындап келеді.
Қазіргі кезде Астанада Президент кубогі үшін ересектер арасында челленджер турнирінде өнер көрсетіп жатқан Ә.Омарханов алдағы аптада 4 ұпаймен алғаш рет ATP рейтингісіне де кіреді.
Жасөспірімдер арасында ТОП-50-ге сондай-ақ Соня Жиенбаева (№21) мен Асылжан Арыстанбекова (№38) енді. Даниал Рахматуллаев – 58, Заңғар Нұрланұлы – 163, Айя Нұпбай – 120, Полина Слепцова 229-сатыда тұр.
Азия теннис федерациясының (ATF) жаңартылған рейтингісінде 16 жасқа дейінгілер арасында Заңғар Нұрланұлы бұрынғыша 1-орында.
14 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe ТОП-100-де Қазақстанның төрт теннисшісі бар: Роберт Каминский 61-де, Ахмади Маханов 63-те қалса, Родион Трайгель 69-сатыға жоғарылады.
Қыздар арасында Линара Бөлешева 84-орында келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).