АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық Әмір Омарханов жұптық сында жасөспірімдер арасында Уимблдон турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші ресейлік Егор Плешивцевпен бірге «Үлкен дулыға» жарысының 2-ракеткалары, ресейлік Тимофей Дерепаско – италиялық Якопо Васамидің мысын басты.
Бір сағат 12 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-ресейлік дуэт 6:3, 6:2 есебімен басым түсті.
Әмір Омарханов – Егор Плешивцев жартылай финалға шығу үшін оңтүстікафрикалық Коннор Доиг – үндістандық Криш Туягимен таласады.
Қазақстандықтар Заңғар Нұрланұлы – Дамир Жалғасбай екінші айналымда америкалық Джеггер Лич – ұлыбританиялық Оливер Бондингке есе жіберіп, ширек финалдан тыс қалды – 3:6, 6:4, 8:10.
Қазақ теннисінің жас жұлдызы Ә.Омарханов өткен жылы Т.Дерепаскомен бірге Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарроста Әмір Омархановтың жарыстың 3-ракеткасын ұтып, жартылай финалға өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).