Амстердамда 3D-принтердің көмегімен тұрғын үй салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Голландиялық сәулеттік компания Амстердамда 3D-принтердің көмегімен тұтас үйдің құрылысын жүргізбек. Ғимарат үш өлшемді баспа технологиясын пайдалана отырып салынады.

Құрылысқа материал ретінде биопластик қолданылады. Ал 3D-принтер ретінде стандартты принтерден бірнеше есе үлкен қондырғы орнатылады.

Компанияның мәліметіне қарағанда, құрылысқа дайындық жұмыстары үш жылға созылуы мүмкін. Ғимараттың әр қабатын принтермен басып шығаруға бір апта уақыт кетеді екен. Жалпы үй үш қабаттан тұрады, ал әрбір қабаттың биіктігі үш метрге жуық болмақ, деп жазады шетелдік БАҚ.