Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұшақ оқу-жаттығу ұшуын орындаған және Красноярово ауылы маңындағы адам тұрмайтын жерде апатқа ұшыраған. Бортта экипаждың жеті мүшесі болған. Ұшақ оқ-дәрісіз ұшқан.
«Алдын ала мәлімет бойынша, экипаждың алты мүшесі қаза тапты, біреуі жарақат алып, медициналық мекемеге эвакуацияланды», — деп хабарлады Ресейдің әскери ведомствосы.
Амур облысының үкіметі экипаж ұшақты тұрғын үйлерден алыстату үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын мәлімдеді.
Апаттан кейін оқиға орнында күшті өрт шықты. Әлеуметтік желілерде ұшақтың құлауынан кейінгі жағдай түсірілген бейнежазбалар пайда болды. Алайда апаттың мән-жайы анықталып жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін апат орнына Ресейдің Әуе-ғарыш күштерінің комиссиясы жіберілді. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, апаттың себептеріне қатысты түрлі нұсқалар қарастырылып жатыр. Алайда әзірге оның нақты себебі ресми түрде жарияланған жоқ.
Ту-95МС стратегиялық зымыран тасымалдаушы ұшақтарға жатады және алыс қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандарды тасымалдаушы болып саналады. Біріккен авиация корпорациясының мәліметінше, базалық Ту-95 ұшағы алғаш рет 1952 жылы әуеге көтерілген, ал Ту-95МС қазіргі уақытта жаңғыртудан өтіп жатыр.