Бұл Рахымжан Отарбаев пен Нұрлан Жұманиязовтың бірлескен екінші жұмысы. Бұған дейін «Нашақорлар жайлы новелла» пьесасының желісімен қойылған «Көлеңкесіз жолаушы» драмасы көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді.
Пьесада Мұстафа Шоқай, Иса Байзақов, музыка зерттеушісі Ромен Роллан секілді тарихи бейнелер көрініс тапқан. Әсіресе, жырақта жүріп, елін сағынған Мұстафаның бейнесін Жанқалдыбек Төленбаев өте сәтті сомдап шықты. Әміренің Әлихан Бөкейхановтың хатын Мұстафаға жеткізуі де Мұстафа Шоқай мен Алаш қайраткерлерінің рухтас, үндес болғанын көрсетеді.
Әміре туралы 800-ден астам мақала жазған, Алматыдан арнайы келген журналист Жарқын Шәкәрім қойылымға жоғары баға берді. Пьесадағы оқиғалардың барлығы шын тарихи деректер екенін, оны архивтегі құжаттар дәлелдейтінін айтты.
Қойылымда әбден зәбір көріп, қажыған Әміренің «Серке ешкімге айтпайды» дейтін тұсы бар. Әміренің замандасы, танымал актер Серке Қожамқұлов өмірінің соңғы жылдары "сертін бұзып", сол кездегі жас журналист Жарқын Шәкәрімге Әміре тағдырының бар шындығын баяндап кеткен екен. Сол әңгіме бүгінгі пьесаға арқау болған. Жарқын Шәкәрім өзінің «Париждегі Әміре» кітабын Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменовке тарту етті. Театр ұжымы да өз кезегінде журналистің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Тағы бір қызықты жайт, әнші жайлы бүгінгі премьера Әміренің өмірден өткен күнімен тұспа-тұс келді. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында өлмес мұра қалдырып, өшпес даңққа бөленген Әміре қазақтың «Ұлы Теноры» болып жасай бермек.