Ән - ғұмыр немесе Шәмші туралы сыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетіндегі Шәмші Қалдаяқовтың алатын орны орасан екені - ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Биылғы жылы тамызда ұлы композитордың туғанына 85 жыл толмақ. Бүгін асыл азаматтың шығармашылық ғұмыры жайлы естелік-эсселер, тарихи-танымдық мақалалар жазып жүрген, Шәмшінің көзін көріп, жақын араласқан белсенді авторымыз, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Бақтияр Смановтың жаңа жазбаларын газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз, деп жазады egemen.kz.

Елбасының үш Жарлығы

Шәмші Қалдаяқов - аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор. Ол - бүкіл ел мойындаған, жалпы халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, қалың жұрттың қайнаған ортасынан шыққан дара дарын, тума талант, аты көзі тірі кездің өзінде аңыз болып кеткен бірегей өнер иесі. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Шәмші шығармашылығының бағы жаңаша жанды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ш.Қалдаяқовтың ересен еңбегіне үлкен жанашырлық танытып, кеңестік қызыл империя кезіндегі әділетсіздіктерді қалпына келтірді.

Президент Шәкең шығармашылығына байланысты үш бірдей Жарлыққа қол қойды. Елбасының бірінші Жарлығымен оған «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы (1991 ж.) берілсе, екінші Жарлығымен композитордың «Менің Қазақстаным» шығармасы Әнұранға (2006 ж.) айналды, ал үшінші Жарлығымен Шәмші Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2010 ж.) атанды.

Дара дарынның әндерінің республикалық, халықаралық байқаулары мен ән фестивальдарын өткізу дәстүрге айналды. Бұл орайда, Шәмші шығармашылығын насихаттаудағы белгілі шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлінің тынымсыз еңбегін атаған жөн. Шәмшінің туған жері Шәуілдірге, облыс орталығы Шымкентке ескерткіштері қойылып, мұражайларын ашу мемлекеттік дәрежеде қолға алынды.

Шырайлы Шымқалада Ш.Қалдаяқов атындағы саябақ ашылып, кезінде оның өзі жұмыс істеген Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясына, Алматы, Астана, Шымкент секілді үлкен шаһарлардағы көшелерге есімі берілді. Туған ауылы - бұрынғы «Темір» кеңшары - «Шәмші ауылы» деп аталды. Ал Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында «Шәмші Қалдаяқов ауылы» өмірге келді.

Ән шамшырағының өмірі мен шығармашылығына арналған үлкенді-кішілі еңбектер жазылуда. Әндерінің толық жинақтары, ол туралы естеліктер кітап болып басылуда. Міне, осы секілді игілікті істердің барлығы ұлы композитордың туған халқымен мәңгі бірге жасай беретінін танытады.

Шуақты шақтар

Біз ұлы тұлғаның көзін көріп, сәлем бердік, аз-кем араласып әңгімелестік, шуағына шомылдық, өзімен дәмдессыйлас болдық. Сондықтан, өзімізді бақытты сезінеміз. Ол кісімен замандас болудың өзі - үлкен бақыт. Ал ендігі жерде аяулы азамат жайлы танымдық-тәрбиелік мәні бар өнегелі әңгімелер айту, ғибраты мол естеліктер жазу - біздің абыройлы міндетіміз, көзкөргендердің азаматтық борышы. Бұл - ол кісінің аруағының алдындағы асыл парызымыз һәм міндет-қарызымыз болып есептелмек. Әрбір ұлы адамның, әсіресе, тума таланттың ғұмыры жұмбақ сырларға, бұрылыс-қалтарыстарға толы болған. Жасырып-жабатыны жоқ, Шәкең де солай өмір кешті. Айталық, өзі керемет композитор бола тұра, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанса да, Қазақстан композиторлар одағына мүше бола алмады. Тұрақты қызметі де болмады. Шәмші соған қарамай сонау елуінші жылдардың екінші жартысындағы қысылтаяң замандар мен одан бергі коммунистік тоталитарлық кезеңнің өзінде ХІХ ғасырдағы Біржан, Ақан сияқты сал-серілердей ғұмыр кешті.

«Сырдың суы сирағынан келмеген» ол ешқандай қиыншылықтарға мойымай, елдің сүйіспеншілігіне бөленіп, халықтың аялы алақанында тербелді. Шәкең кішіпейіл, қарапайым әрі көпшіл адам болатын. «Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, ешқандай кісімсуді, менменсуді білмейтін. Оның ұлылығы да осы қасиетінде еді. Ол кісі мені «Ақ Келес» деп атайтын. Бұл оның тұңғыш әнінің аты екен. Біздің елдегі Келес өзенінің бойындағы Қапланбек зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында (оңтүстік өлкенің Сарыағаш ауданы) оқып жүргенде шығарыпты.

Оқу орны ертеден кешке дейін аппақ болып жарқырап ағып жататын Келес өзенінің жағасына жақын орналасқан. Шәкеңнің айтуы бойынша, сонда оқып жүрген кезінде бір қызға ғашық болып, соған арнаған тұңғыш махаббат әні екен. Оны маған өзі сыр етіп айтқан болатын. Содан мені көрген сайын сол мөлдір сезім есіне түсе ме, «Ой, Ақ Келес, халың қалай?» - деп амандасатын. Ұлы тұлға, айтулы азамат жайлы тарихты халық жасайды. Өйткені, оның өмірінің барлық кезеңдері халықпен етене байланысты болады, қалың елмен қоян-қолтық араласып өтеді.

Мәселен, «Менің Қазақстаным» әнін алып көріңіз... Халықтың тарихымен, елімен, жерімен, тыныс-тіршілігімен тікелей байланыс­ты. Осыларды таратып, мән бере байқасаңыз, сонда барып автордың адами бейнесі, кісілік келбеті, бітім-болмысы жан-жақты көрінеді. Мұнда Шәкеңнің өзі айтатын «әннің жазылуына себеп болған жайлар», идея авторы - Шәмшінің Жұмекен ақынға ұсыныс айтуы секілді ойлар ойға оралады, сөйтіп, оның көркем бейнесі таныла түседі. Әрі хатқа түседі, қағазға жазылады.

Шығармашылық жұмыс, халық алдындағы борыш дегеннен шығады, бұл жөнінде композитор: «...Шығармашылық адамы тәрізді менде де жалғыз-ақ арман бар: Арыс өзенін жағалап жүру үшін туған жеріме тартып кетсем де, Ақмаңдайлымды қайығыма отырғызып, ақ ерке Жайықта сайрандасам да, Жезқазған мен Арқалықты аралап, Бурабайға барып қона жатсам да, қайдасың деп Сыр сұлуына сапар шексем де, «қасиетті халқымыздың алдындағы борышымды ел күткен дәрежесінде өтей алсам жақсы болар еді», деп жатсам-тұрсам толғанамын», - дейді өзінің ән жинағына жазған «Сіздерге айтар сырым» атты кіріспе мақаласында (Ш.Қалдаяқов. «Менің Қазақстаным». - Алматы: «Өнер» баспасы, 1981 ж.).

Шәмшінің мұндай ой-арманы - бүгінгі өнер адамдарына ғана емес, әрбір саналы адамзатқа үлгі боларлық өнеге. Сырттай қарағанда, Шәкеңнің шығармашылық өмірінен мынадай қос желіні байқауға болады: Біріншіден, ол өзінің жеке басындағы тіршілік тауқыметтерімен алысты. Екіншіден, оның шығармашылығы да кеңестік кезеңде қым-қиғаш қарама-қайшылықтарға толы болды.

Айталық, «Қайықта» әні республикалық конкурста ешқандай орынға ие бола алмай қалса, «Менің Қазақстаным» әні қудаланды (өзіміз оның куәсі болдық, ол жайында бұрынғы жазған естеліктерімде айтылған), алғашқы әндері «Вальсомания» («Вальс ауруына шалдыққан») деп орынсыз сыналды. Сөйтіп, Шәкеңнің сыршыл сезімге құрылған лирикалық әсем әндері қаңғыр-даңғыр әумесер әуендермен айқасты. Сондықтан, соған жауап ретінде оның соңғы шығарған әндерінің екпіні жылдам, өрге өрлеп тұрғандай сезіледі.

Мәселен, «Отырардағы той», «Бақыт құшағында» «Дүнген қызы», «Мойынқұмда ауылым», «Бәрінен де сен сұлу», «Тамды аруы» секілді біраз әндерінің соны сазы, екпін ырғағы - бұған дәлел.

Ән немесе белгілі бір шығарма жазу дегеніңіз - мехнаты ауыр, аса қиын шаруа. Жақсы ән үлкен тебіреністен, терең толғаныстан туады. Шығармашылық дарын иесі жаңа туындысын жазғанда, сөз жоқ, жанын жеп жазады. Өйтпесе көңілдегідей шығарма шықпайды. Сондықтан да, Шәмшінің: «...Мен өз өмірімде қанша ән жазсам, сонша жылаған да болуым керек», - деуі жайдан-жай емес.

2013 жылы көктемде Шәкеңнің нағашысы, шертпе күйдің айтулы шебері, әйгілі домбырашы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі 93 жастағы Файзулла (атын Шәді ақын қойған) Үрмізов ағамызбен кездескенімде: «...Оны (Шәмшіні) тума талант дейтініміз, екі жағы да - әкесі де, шешесі де тегін адамдар емес. Текті атаның ұрпақтары. Атасы Домбы ел басқарған би, сөз бастаған шешен болған. Созақ ауданының жаз жайлауында «Домбы жайлауы», «Домбы құдығы» деген жерлер осы күнге дейін бар. Ал өз әкесі Әнапия зергер ұста, өнерлі адам болған. Аяғында қалы болғаннан кейін ел «Қалдаяқ» деп атап кеткен ол - оңтүстікке аты мәшһүр Шәді ақыннан оқып, білім алған кісі.

Кейіннен 1920 жылдардың соңындағы аласапыран кезеңде ақынның жақын қарындасы, біздің апайымыз - Сақыпжамалды алып қашып кетіп, Теріскейден сонау Сыр бойына, Арыстың сағасындағы Сарыкөл деген жерге барған. Сонда болашақ сазгер жиеніміз дүниеге келген...», - деп еді. «Алып анадан туады» демекші, анасы Сақыпжамал апамыз той-жиындарда тамылжытып ән шырқайды екен. Оны Шәкеңнің өзі де естелігінде айтып кеткен-ді. Қысқасы, Шәкең - текті анадан, ұлағатты әкеден туған азамат.

Қонаевтың қабылдауында Халқымыздың біртуар азаматы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өзінің естелігінде: «...Дели! ...он жеті жыл бойы тәуелсіз үнді елінің көшін бастаған Нерудің сүйікті астанасы. Халқының бақыты үшін тер төккен сондай күрескер жанның сүйікті қызы Индира Ганди үнді халқына тән ашық-жарқын көңілмен, сән-салтанатымен, ән-жырымен қарсы алды. Ән-би галереясынан Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» деп аталатын әнін естігенімде көзіме еріксіз жас үйірілді. Аэропортқа жиналған елде есеп жоқ. Құшақтары гүлге толған сан мыңдаған үндер толқындай тербетіліп, қазақ әнін қалықтата салғанда, олар түгел қазақ болып кеткендей көрінді. Мен үшін бұдан асқан сый, бұдан асқан қуаныш жоқ еді. Дәл осындай рухани ләззатты бұрын-соңды сезінген емеcпін. Бұл жолы қазақ әні Үндістан аспанында шырқалған тұста үш рет: «Тәубе! Тәубе! Тәубе» дедім. ...Осы сапардан оралысымен Шәмшіні іздестіре бастадым. Ол өз алдына бір әңгіме», - деп айтқаны бар-тын.

Мұны айтып отырғанымыз, 2009 жылдың көктемінде Алматыдағы Атакенттің «Бақшасарай» мейрамханасында немере ағамыздың ұлының үйлену тойында болдым. Жаңа түскен келін жақтан келген құдалардың ішінде елге кеңінен танымал «Қазақтың келіндері» атты әдемі әннің авторы, әйгілі өнерпаз-сазгер, қаламгер Мұхаметжан Рүстемов ағамыз құдай қосқан қосағы Дәмира апаймен бірге Шымкенттен келіпті. Талай жыл «Мектеп» баспасында бас редактордың орынбасары қызметін атқарған Ибадат Абдуллаева апамыз да сол құдалар тобында болды. Мұхаңның бұрында талай жылдар облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарғанынан, түстік өңірдің өнер, мәдениет, әдебиет саласын басқарғанынан хабарым бар. Ол кісінің жасы жетпістің ортасынан асып, ақсақалдық жасқа келген, егде тартып қалған кезі еді (Өкінішке қарай, ағамыз содан араға бірер жыл салып, қайтпас сапарға аттаныпты. Иманы саламат болғай).

Сәлем беріп, хал сұрастым. Өткен-кеткенді айтып, біраз әңгіменің басын қайырдық. Мұхаң сөз арасында Шәмші туралы, республиканың бұрынғы басшысы Д.А.Қонаев біз жоғарыда айтқан Үндістан сапарынан келгеннен соң оны қабылдағаны жайлы жалпы жұрт білетін әйгілі де әсерлі кездесуді Шәмшінің өз аузынан естігенін еске түсірді. Шәмші ағаның Димекеңнің қабылдауында болғаны жайлы әңгіме ел арасында кең тараған. Бірақ әртүрлі айтылады. «Жақсының артынан сөз ереді» демекші, кейде бұл туралы артық-кемі бар қоспа әңгімелер де айтылып қалады. Ондай орынсыз «шығармашылықтың» қазақ өнеріне де, дарынды ағамызға да абырой әкелмесі анық. Сондықтан аузы дуалы ақсақалдан естіген әңгімеге тоқтала кетпекпін.

- Алдын ала белгіленген күні Нұрағаң (Нұрғиса Тілендиев - Б.С.) екеуміз патшамыздың қабылдауына бардық, - деп еске алған екен Шәмші.

- Сендер Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы деп жүрсіңдер ғой. Өзім өмірі партия қатарында болмаған соң ба, әйтеуір, мен Қонаев ағамызды патшамыз деп есептеймін. Қабылдау бөлмесінде көп аялдамадық, тез қабылдады. Отырған жері, құдай сақтасын, кең сарайдай үлкен екен. Аға төрдегі орнынан тұрып, алдымыздан шығып қарсы алды. Аяқ-қолым дірілдемегенмен, қатты толқыдым. Қанша дегенмен, патшаның аты - патша ғой. Оның үстіне ағайдың өзі - зор денелі, аса келбетті кісі. Мен оның қасында киіктің лағындаймын. Біздерге ишарат білдіріп, бөлменің бір қапталындағы мәжіліске арналған ұзын столдың айналасына қойылған орындықтарды нұсқады. Біз жайғасып отырып аман-саулық сұрасқан соң, аға орнына отырмай, олай-бұлай асықпай-саспай жүріп, әңгімесін бастады:

- Қарағым Шәмші, мен республиканың облыстарын жиі аралаймын. Көршілес республикаларда, шетелдерде де ауық-ауық боламын. Сол концерттерде сенің әндерің көп айтылатынын байқадым. Қазақ композиторларының ішінде әні ең көп тараған сен боларсың. Оны мен де үлкен мақтаныш тұтамын. Сондықтан сенімен жүзбе-жүз көрісіп, танысайыншы деп әдейі шақыртып едім, - деп әңгімесін әрі қарай жалғады.

- Онда үлкен кісі халқымыздың ілгеріде өткен сал-серілері, өнерпаздары туралы, олар халықтың сүйікті ұлдары, елдің еркесі болғандығы жөнінде ерекше ықыласпен сөз қозғады. Орағытып келіп бір кезде: «Бірақ олар ешуақытта жаман әдетке үйір болмаған... Шәмші, «ананы» қою керек», - деді аға бір сөз иіні келгенде. «Арақты айтып отыр-ау» деп ішім қылп ете қалды. Бірақ, «ішкілігіңді қоясың ба, жоқ, қоймайсың ба?» деп шұқшиған жоқ. Әңгімесін әрмен қарай жалғастыра берді... Не деген парасатты адам! Қандай ұлылық десеңізші! Барлық салмақты өзіме аударып салды. Аға халқымыздың өнерпаз, сауыққой халық екенін, олардың арасында тұнған дарындар мол, солар арқылы қазақ халқы әлемге танылатынын, сондықтан әрбір талант иесін саф алтындай сақтау керек екенін, осы бағытта партия мен үкімет тарапынан қамқорлық көрсетілетінін біраз әңгімеледі. Әрине, ағамыздың бар әңгімесін қаз-қалпында жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, жалпы бағыт-бағдары осылай болды... Сосын:

- Қазір қайда тұрасың? Не тілегің бар? - деді патшамыз маған қарап. Алматының шетіндегі шағын ауданда екі бөлмелі үйде төрт жан тұрып жатқанымызды айттым да, атақ түгілі қолымда консерватория бітірді деген дипломның жоқ екендігі туралы ләм демедім. Оны айтуға арым бармады. Өйткені, менің алдымдағы Бекен Жамақаев, Әбілахат (Шәкең қысқартып «Ахат көке», «Ахат аға» дейтін) Еспаев сынды дарынды ағаларым да ешнәрсеге ие бола алмай күн кешіп жүр ғой деп ойладым.

- Шәмші, Министрлер Кеңесі Ленин даңғылы бойында үй салдырып жатыр. Содан үш бөлмелі үй бергізем, - деді аға. Рахметімді айттым. Қабылдау бітті. Аға бізді бөлменің есігінің алдына дейін шығарып салып, қоштасты. Алтын уақытын бөліп, бізді қабылдағанына шынайы ризашылығымызды айтып, бойымызды қуаныш кернегендей көңілмен сыртқа шықтық... Сонан он, он бес күн өткенде Министрлер Кеңесінің бір қызметкері үйге келіп, үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Сондай тапсырма болған болуы керек...» деп Шәкең сөзін аяқтады, - дейді Мұха­метжан ағай.

Димекең берген «Қазақстан» ұлттық әмбебап дүкенінің үстіндегі биік үйде әйгілі композитор өмірінің соңына дейін отбасымен тұрды. Кейіннен ұлы композитордың Шымкенттегі мұражайда сақталған, сыйлас дос-інісі, оңтүстік өлкеге кеңінен танымал бесаспап өнер иесі Мұхаметжан ағайға өз қолымен жазған екі ауыз өлеңі есіме түсті. Онда:

«...Абзал досым Мұхаметжан!

Ән салсаң топтан озған асқақ едің,

Тұз-дәмін татқан едің басқа да елдің.

Ұл-қыз бен Дәмираның арқасында,

Қанжардай қайрап алған жасқа келдің.

Ал, досым, қырық алты жасқа келдің,

Бір өзің жазылмаған дастан едің.

Жүз жаса, бұдан былай, жұмаққа бар,

Тап-таза мөлдіреген аспан едің!

Мен сенің ағаң болам ба? Әлде құрдасың болам ба? Әйтеуір: Ш.Қалдаяқовпын. 8.ІІ. 78», - деп жазып, қолын қойыпты.

«Аңыз адам» журналы 2010 жылғы тамыз айындағы бір нөмірін тұтас Шәмшінің өмірі мен шығармашылығына арнаған. Журнал ұжымы дарынды композитор туралы мол мәліметтер жинақтап, үлкен іс тындырғанында сөз жоқ. Алайда, мұнда Шәкеңнің осы қолжазба өлеңінің көшірмесі берілген. Бірақ, журналдың еш жерінде бұл өлеңнің қай Мұхаметжанға арналғаны жөнінде дерек-мәлімет келтірілмеген. Тек жыр мәтініндегі Дәмира апамыздың атының аталуынан ғана белгілі жыршы-термеші, қаламгер-сазгер Мұхаметжан Рүстемовке арнап жазылғанын аңғарамыз.

Төменде Шәкеңнің сол арнау өлеңінің көшірмесін келтіріп отырмыз.

Шәмшінің келіншектермен айтысы

Шәкең сөзге шебер болған деп жүрміз. Ол рас сөз. Шәмшінің өзіне тән лексиконы, өзіндік сөз қолдану машығы, тіпті өзі әңгіме арасында жиі айтатын, әнді шығарар алдындағы «заготовкасы», әуеннің «частицасы», әннің «изюминкасы» деген секілді, т.б. орысша кәсіби терминдері болатын. Ол ешкімнің көңілін жықпайтын гуманист еді. Сүгірәлі Сапаралиев, Аманбек Ақаев, Тұрдықылыш Ізтаев сынды әріптес інілерімен бас қосқанда олардың кейбірінің жаңа туған әндеріне пікір айтқанда, өзіне ұнай қоймаса, автордың көңілін жықпай, әдеппен, сыпайы ғана: «...Мынауың гармоньдағыдай ыңғаққа-ыңға, ыңғаққа-ыңға болып кеткен сияқты» деген рәуіште жұқалап жеткізетін.

Ол кісі әдемі әзіл, қазақи қалжыңдарды, ұтымды да ұтқыр қағытпаларды аяқ астынан тауып айтатын. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», деп ұлы данышпан Абай хакім айтқандай, асыл азаматтың өлең сөзге де қара жаяу емес екендігін жоғарыдағы біз келтірген мысалдан, сол секілді өзінің тұстастарына, жора-жолдастарына жазған бір-екі ауыз өлең шумақтарынан, кейбір ән мәтіндерін өзі жазуынан («Құшақ жайған қандай адам») немесе ақындардың жазған өлеңдерін ширатуға қосқан өзіндік үлесінен байқаймыз. Бұдан композитордың сөздің қыры мен сырына ерекше мән беретініне, жалпы поэзия атаулыға, оның ішінде, әсіресе, «өлең - сөздің патшасы, сөз сарасына» аса үлкен жауапкершілікпен қарайтынына, «іші алтын, сырты күміс» сөз жақсысын таңдай білетініне куә боламыз. Мұның озық үлгілерін есімі елге белгілі ақын Жарылқасын Боранбаевтан да естіп жүрміз.

Қайда жүрсің, Шәмші аға,

Сұрауымыз айып па?

Әлде батып кеттің бе,

«Қайығыңмен» «Жайыққа»? - деп жұрт іздеп жүрген кездерде Жарылқасын көкеміз Шәкеңмен ағалы-інілідей біршама жақын араласқан, жақсы сыйласқан. Шығармашылық байланыста болған. Өзі де - «Қазақы дастарқаным» секілді әндерге сөз жазған шынайы талант иесі.

Бірқатар жылдар Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінің бас редакторы болып қызмет еткен. Осы Жақаң көкеміз бірде Шәмшінің қыздармен айтысқаны жайлы көпшілік біле бермейтін әңгіме айтқаны бар еді. Бұл сонау өткен ғасырдың 1960-шы жылдары болса керек. Ол кез Шәкеңнің орда бұзар отыздағы шағы. Жас композитор бір-екі өнерпаз досымен сол кездегі Талдықорған облысына қарасты Панфилов ауданының тау бөктеріндегі қойлы ауылға сапарлатып барыпты. Өнер иелері түскен үй қойын сойып, етін асып дегендей, сый-сияпат көрсетіпті. Шай құйып қызмет етіп жүрген әдемі киінген екі көркем келіншек мінездері ашық, ақкөңіл, әзіл-қалжыңға жақын жандар екен. Келіншектер бір сәт «ауылдың алты ауызын» айтып өздері өнер көрсетеді де, жігіттерден «қонақкәдеге» ән айтуын өтінеді. Сөйтіп, әзіл-қалжыңдары жарасқан жастар кештің соңын әнге ұластырады. Одан әлгі қос келіншек Шәкеңді қағыта табан астынан қиыстырып өлең айта бастайды. Олардың суырып салып айтқан өлеңдеріне қарай Шәкең де өлеңмен жауап қайтарады. Айтыс қыза түсіп, әбден ұзаруға айналады. Сонан сазгер келіншектерге «Таң атып келеді, дем алайық», - деген ұсыныс жасап, демалады. Таң атар-атпастан әлгі келіншектер келіп қонақ жігіттерді оятып жібереді. Шәмші сонда оларға: «Ән айтып оятпасаңдар, тұрмаймыз» деп шарт қойып, жата береді. Оның талабын орындамақ болған келіншектер аяқ жаққа келіп, Шәмшінің көрпесінің шетін баса отырып:

Болсаң да кетпен шапқан күніменен,

Дауысымның оянарсың үніменен.

Жігіттер, бұл жатысың қандай жатыс?

Шыққандай қой күзетіп түніменен, - деп шырқап қоя береді. Оған жастықтан басын көтеріп Шәмші:

Белінен басып жүрміз жалғаныңды,

Көтеріп көрер ме едім салмағыңды.

Күнәсіз өткізсем де осы түнді,

Киейін, шыға тұршы, шалбарымды, - деп жауап қайырады.

Содан кейін келіншектер сыртқа шығып, Шәкеңдер киініп болғанша үй сыртында тұрып әндетеді:

Болғанда сіз қалада, біз далада,

Дарияның сіз ортасы, біз жағада.

Солдатша тез киініп болсаңдаршы,

Жараспас сыртта тұру қыз балаға. Ал Шәмші киіз үй ішінен:

Кіре бер, енді кидім шалбарымды,

Тістерсің мен кеткен соң бармағыңды.

Артыңда бала-шағаң, байың да жүр,

Қалдырып кетер едім бар малымды, - дейді.

Содан өнерпаз жігіттер қойлы ауылдың адамдарымен қоштасып, жолға шығады. Келіншектер әнменен бір қырдан асырып шығарып салады. Әлгі қос келіншек қоштасып тұрып:

Сендерден ала алмадық, аласым бар,

Кеудеде жазылмайтын жарасыңдар.

Бір тәулік көңіл ашып, өлең айттық,

Қай жаққа бізді тастап барасыңдар? - дейді.

Шәмші оған тағы:

Жігіттік өзімізге тән шығарсың,

Ал сендер соған сәйкес сән шығарсың.

Алда жол, артта қиял, омырауға

Зар толған, жазылмаған ән шығарсың, - деп жүрек сырын білдіреді. Солайша, әлгі сауықшыл келіншектер қол бұлғап, «жазылмаған ән болып» қала беріпті.