***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қазақстан әйелдері қауымының бір топ өкілдерімен жүздесті. «Көктем шуағы» деген әуезді естілетін атауы бар бұл дәстүрлі кездесуде Елбасы қазақстандық барша нәзік жандыларды айтулы мерекелерімен құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Ана отбасының да, Отанның да ұйытқысы» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев биылғы кездесуге түрлі кәсіп иелері қатысып отырғанына назар аударды. «Араларыңызда көпбалалы аналар, бизнес өкілдері, әскерилер, ғалымдар, дәрігерлер, педагогтар, мәдениет пен спорт қайраткерлері, журналистер бар. Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. 25 жылдағы барлық жетістіктеріміз сіздердің белсене атсалысуларыңыздың арқасында ғана мүмкін болды. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар», деді Мемлекет басшысы.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстанда кәсіпорын басшыларының жалпы санында әйелдердің үлесі 39 пайызға жеткен. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова мәлім етті. Л.Рамазанованың айтуынша, осы мақсат үшін Қазақстанның көптеген өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арнайы курстар мен тренингтер жүргізілуде. «Әйелдерге өзінің ісін бастау үшін әрдайым көмек пен қолдау керек. Оларға қаржылық көмектен бөлек, ішкі күш-жігерін қолдау қажет. Осы ішкі жігеріне арнайы семинарлар мен дәрістер елеулі күш береді. Бұл бағытта біз аудандарда және ауылдық жерлерде белсенді жұмыстар жүргізудеміз», деді Л.Рамазанова.
***
«Торғайлық шопан 1979 жылы ғарыш кемесі Қазақстан жерінде апатқа ұшыраған бөгде ғаламшарлықты тауып алыпты. Бақташы бөгде ғаламшарлықты кеңестік әскерилерден жасырып шөп арасына тығып қойған», - деп жазады «Экпресс К» газеті «Беспармак для пришельца» деген тақырыптағы мақаласында. Мұндай тосын жаңалықты балалық шағында Қазақстанда тұрған, бүгінде ресейлік Татьяна Леонова айтып берген. Ол бөгде ғаламшарлықты өз көзімен көргенін айтуда. «Біз ол кезде 9 жыл Арқалықта тұрған едік. Менің әкем мал дәрігері болып жұмыс істеп, бүкіл Торғай облысын аралайтын. Жазғы демалыс күндерінің бірінде әкем мені өзімен бірге іссапарға алып шықты. Жолай біз таныс шопан Сағынбайдың үйіне соқтық. Ол бізді күтіп алып тамақтандырды. Үстел басында шопан әкеме ақырын сыбырлап бірдеңе айтып, одан кейін екеуі шайларын ішпестен далаға шығып кетті. Әкем маған үйден шықпауды ескертті. Әрине, мен мұны тыңдамай соңдарынан ілесе шықтым. Олар сиыр қорасына қарай бет алды. Қораның ішіне қарағанымда адамдардың ортасында тұрған сұр түсті тіршілік иесін көрдім. Ол бөгде ғаламшарлық болатын оның басым адамдардікіне қарағанда екі есе үлкен еді. Тағы бір есімде қалғаны бетінің жартысын алып жатқан үлкен қара көз бар болатын», - деп еске алады Т.Леонова.
Есіл жағалауында далалық ақ трюфель (саңырауқұлақтың бір түрі) өседі. Бұл жеңсік астың келісі 500-ден 2 мың долларға дейін бағаланады екен. Бұл жайында «Экспресс К» газетіндегі «Трюфелевая башня» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, балықшы Сәкен Арысханов далалық трюфельдің дәмін бірнеше мәрте татқан да көрінеді. «Оның дәмі жаңғақ пен қуырылған картопқа келетін сияқты. Бірақ бұларды табу өте қиын, өйткені ол жердің астында өседі. Францияда саңырауқұлақтың бұл түрін арнайы үйретілген шошқалар іздейді», - дейді ол.
Есте болса, Нью-Йорк мейрамханаларының бірінде ресейлік миллионер Роман Абрамович трюфельден дайындалған түскі асы үшін 40 мың доллар төлеген болатын.