Ана сүті баланың дамуына қалай ықпал етеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Омырау сүтімен емізу — ананың сәбиіне бере алатын ең маңызды әрі құнды сыйының бірі. Себебі ана сүтінің бала денсаулығы мен дамуына тигізетін пайдасы зор. Бұл туралы Алматы қалалық № 2 перинаталды орталығының акушер-гинекологы Станислав Борисевич айтты.

Фото: Pexels

«Біріншіден, омырау сүтінде нәрестенің толық өсуі мен дамуына қажет бүкіл қоректік заттар бар. Ол құрамы бойынша тамаша теңдестірілген, баланы денсаулығына керектің бәрімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, онда шақалақтың иммундық жүйесін нығайтуға, оны инфекция мен аурулардан қорғауға көмектесетін антиденелер бар. Бұл, әсіресе, өмірінің алғашқы айларында, сәбидің иммунитеті әлі қалыптаспаған кезде өте маңызды. Одан бөлек, омырау сүтімен емізу ананың бойында сүт безі, аналық без және жатыр қатерлі ісігінің қаупін азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ, ол босанған соң дененің қалпына келуін тездетеді», - дейді Станислав Борисевич.

Дәрігер омырау сүтімен емізу кезінде ана мен баланың арасында тығыз эмоционалды байланыс орнайтынын айтады.

Бұл байланыс нәрестеде қауіпсіздік, сенім және махаббат сезімдерін дамытуға ықпал етеді.

«Одан бөлек, омырау сүті — табиғи өнім, ол жасанды қоспаларды сатып алуға және дайындауға қосымша шығынды қажет етпейді», - деп қорытындылады ол.