Қазақстанда «Ана үйі» жобасын жүзеге асыру барысында 1200-ден астам бала жетімдіктен құтқарылған.
«2015 жылдың қорытындысы бойынша бізде қазір 26 «Ана үйі» жұмыс істейді. Біздің жоба Қазақстанның 17 қаласында жүзеге асырылып жатыр. Болашақта бұл жоба басқа да қалаларда қолға алынатын болады. Қазірдің өзінде бізге Ресейден және Қырғызстаннан хабарласып жатыр», - деді жобаның бастамашысы және құрылтайшысы Айдын Рахымбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның арқасында нәрестесінен бас тарту оқиғаларының 51 пайызын алын алуға қол жеткізілді, яғни жас аналар нәрестелерін қайта бауырына басты. Жас қыздардың 70 пайызы «Ана үйі» жобасын жақсы біледі.
Жоба аясында жас аналар үшін білім беру бағдарламалары әзірленген (мектеп бағдарламасы, бухгалтерлер, аспаздар, тәтті тағам дайындайтын мамандар, шаштараз курстары).
Жоба әріптестері жұмысқа тұрғызуға да көмектеседі.
Айдын Рахымбаев сондай-ақ 2016 жылға арналған жоспарымен бөлісті.
Биыл «Ана үйі» қоры әлеуметтік жетімдікті алдын алу мақсатында екі бағытты дамытпақ ниетте. Біріншісі - жас аналарды өз нәрестелерінен бас тартқызбау жолындағы жұмыстарды жалғастыру, екіншісі - жобаны жаңа деңгейге көтеру.
Яғни, Қор мемлекеттік балалар үйлерінен бала асырап алу үдерісіне қолдау көрсететін болады.
Әрбір облыс орталығындағы өңірлік «Ана үйлерінің» базасында асырап алушы ата-аналар Мектебі мен бала асырап алуға қолдау көрсету Орталығы және дерекқор базасы құрылады.
Сондай-ақ, қамқоршылар қор қызметі арқылы Қазақстанда балалар үйлерін азайтуға қол жеткізуді, қиын жағдайға тап болған жас қыздар жайында әлеуметтік роликтер мен телехикаялар түсіруді жоспарлап отыр.