Аналар айрықша ықылас танытты

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат – Жетісу облысы Жаркент қаласындағы аудандық мәдениет үйінде облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен облыстық семинар-кеңес болып өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Қанат Досмаилов жүргізген бұл басқосуға өңірдің барлық елді мекендеріндегі Аналар кеңесінің өкілдері, қоғам белсенділері, білім саласының қызметкерлері мен ауылдық және қалалық округтер әкімдіктерінің жауапты мамандары шақырылған болатын.

Семинар-кеңесте Қазақстан Республикасының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 1-қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыруда әйелдер қауымының да орны орасан зор екендігі, осы орайда нәзік жандардың белсенділігін арттыра түсу туралы келелі әңгіме қозғалды. Бұл бағытта Панфилов аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Күлғайша Бердіғұлова, Кербұлақ аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Ғалия Ақбасова. Алакөл аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Ұлжалғас Дүйсебаева, тағы басқалар өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Семинар-кеңесті республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы Шанай қорытты.



Автор: Нұрәділ Бегімбет