Аналар мен балалардың өмір сүруі үшін ең қолайлы ел анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Финляндия аналар мен балалардың өмір сүруі үшін ең қолайлы ел болып танылған.

Бұл ел екінші жыл қатарынан «Балаларды құтқарыңдар» халықаралық қоғамдық ұйымның барлығы 178 елді қамтитын рейтингісінде алғашқы орынды иеленіп отыр, деп жазады ИТАР-ТАСС.

Бағалау негізгі бес категория бойынша жүзеге асырылған. Яғни, онда аналардың денсаулығының күйі, сәбилердің тым ерте шетінеп кету қатері, білім деңгейі, елдегі табыс деңгейі және әйелдердің саяси жағдайы ескерілген. Аталмыш көрсеткіштер бойынша Финляндия жоғары сатыға көтерілмегенімен, барлық санаттар бойынша он бестіктің қатарына енген жалғыз ел болды. Рейтингте баса көңіл бөлінген басты факторлардың бірі - өлім-жітім деңгейі. Ол Финляндияда ең төменгі көрсеткішті көрсетті: мұнда 345 баланың тек біреуі ғана 5 жасқа дейін өмірмен қош айтысады екен. Ал ең төменгі көрсеткіш Норвегияда тіркелген - онда 357 баланың біреуі есемей жатып өлімге ұшырайды.

Сондай-ақ Финляндиядан кейінгі орындарға ие болған Швеция, Исландия, Нидерланд және Дания да аналар үшін қолайлы елдер деп танылды.

Бұл көрсеткіштері бойынша ең соңғы орынды Сомали мемлекеті алды. Онда елдегі өмір сүру жағдайларының төмендігінен әрбір жетінші бала бес жасқа толмай-ақ ажал құшады екен. Сонымен қатар ұйым өкілдері соғыстар мен табиғи апаттар жиі орын алатын елдерде аналар мен балалардың өлімі 14 есеге дейін артатынын атап өтеді.