Ананың білім деңгейі мен жасы баласының оқу үлгеріміне әсер етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мичиган Университетінің ғалымдары 1998 жылы балабақшаға барып, 2007 жылдың көктеміне дейін зерттеуге қатысқан балалардың мәліметтерін бағалады.

14279 оқиғада зерттеушілер қатысушылардың үшінші, бесінші және сегізінші сыныптардағы математика және оқудан орташа балдарын білді. Олар аналардың өз балаларының оқу үлгерімінен қандай нәтиже күткенін, отбасының табысы мен басқа факторларды есепке алды, деп баяндайды Psych Central.

Зерттеушілердің анықтауынша, балаларын 19 және одан да ересектеу жасында дүниеге әкелген аналардың балалары балабақшада табысты болды. Бұдан басқа, олардың 18 жаста және одан ертерек босанған әйелдердің балаларына қарағанда оқуға, математикаға қабілеті жақсы дамыған. Осылайша, әйелдің баланы жасөспірім жасында дүниеге әкелуі оның жетістіктеріне, кейіннен табысты болуына кері әсерін тигізетіні анықталды. Баланы дүниеге әкелгеннен кейін білім алуын жалғастырған жасөспірім аналардың балаларының үлгерімі жақсырақ болды. Олай болғанымен, балалардың өздері де, олардың бауырлары да үлгерім бойынша құрдастарына жете алмады. Олар білімін аяқтағасын босанған аналардың балаларына қарағанда сабақты нашар оқыды. Сондай-ақ ғалымдар жасөспірім кезінде босанған аналардың орта мектеп пен университеттегі оқу үлгерімі білімін аяқтаған аналардікіне қарағанда нашар болғанын анықтады.