Анар Абжанова жас та болса әлемге танылып, өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген суретші - Арыстанбек Мұхамедиұлы

АЛМАТЫ. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстанда сурет өнері дамып жатыр. Оған жас та болса әлемге танымал болып үлгерген бір ғана суретші Анар Абжанова өнерінің өзі дәлел бола алады. Бұл туралы бүгін Алматыда жас суретші Анар Абжанованың шығармашылық жетістіктеріне арналған баспасөз мәслихатында Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.

«Анар Абжанова өнердегі ерекше құбылысты жан. Жасы 25-те болса да, қазірдің өзінде ол әлемге танымал, өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген суретші. Ешбір кәсіпқой суретшіден дәрежесі кем түспейді. Оның жұмыстары өз елімізбен қатар, Италияның, Швейцария, Франция, Түркия, АҚШ, Жапония және Венгрия мен Ресей елдерінің жеке коллекцияларында тұр. Жақында Анар Жапонияда өткен халықаралық суретшілер көрмесінен күміс медальды, бейнелеу өнері дамыған деген Иран елінде Бас жүлдені, Ресейде өткен «Өнер апталығы» байқауында І орынды жеңіп алды. Бұдан өзге оның түрлі көрмелер мен байқауларда алған марапаттары көп. Тағы бір атап өтерлігім, ол кеше ғана Чикагодағы Сантьяго қаласынан алтын медальмен оралды. Бұл біз үшін, еліміз үшін үлкен құрмет»,-деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жас суретшінің ұстазы, атақты суретші Қанафия Телжановтың айтуынша, Анар Абжанованың болашағы зор. «Мен одан әлі де үлкен үміт күтем. Менің Анар сияқты дарынды да, талантты шәкірттерім көп. Сол үшін де оқушыларымды мақтан тұтамын», -деді Қ. Телжанов.

«Анарға байланысты «ұстазынан шәкірті озды» деп айтуға әбден болады. Оның өзіндік қолтаңбасы бар. Ол өте ізденімпаз, еңбекқор, соның және құдайдың берген ерекше қабілетінің, сондай-ақ, баяғыдан қалыптасқан, әлем таныған атақты суретші Қанафия Телжанов мектебінен өтуінің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Өнер акадамиясы қабырғасындағы үлкен мектеп оның қабілетін ашып, дамытты. Анар бүгінде біздің мақтан тұтатын шәкіртіміз»,- дейді жас суретшінің екінші ұстазы Бауыржан Байділдә.

Оның айтуынша, Анардың қазір бірнеше туындылары АҚШ-тағы Нью-Йорк қаласында көрме-байқауға қатысуда.

Баспасөз мәслихатына жас суретшінің өзі де қатысты. «Мен 7 жастан сурет сала бастадым. Суретке деген қызығушылығым сүйіспеншілікке артты. Соның нәтижесінде өмір жолым суретшілікке әкелді. 18 жыл ішінде 1000-нан аса картиналар салдым. Алғашында натюрморт салуды ұнататын едім, қазір табиғат көріністерін салғанды жаным сүйеді. Күні-түні сурет салғанды ұнатамын, одан еш жалыққан емеспін, керісінше, әр туындымнан шабыт аламын», -дейді Анар Абжанова.

Анар Абжанова 1986 жылы Алматыда дүниеге келген. Анардың есту қабілеті болмаса да, басқаларға қарағанда қоршаған әлемді өзге көзбен көреді. Қазір жас суретші Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Кескіндеме және мүсін» факультетінің 5 курсында, атақты суретші Қанафия Телжановтың шеберханасында оқиды. Анар 2001 жылдан 30-дан аса әр түрлі республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы, көптеген байқаулар мен фестивальдердің дипломанты болып табылады. Еліміздің әр жеріндегі галереяларда бірнеше жеке көрмелерін өткізіп үлгерген.