Анасы – украин, әкесі – орыс, күйеуі – қазақ: Өскемендік отбасы Наурызды қалай қарсы алады

Фото: Фото: Анжелика Шабданбекованың жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскеменде тұратын Шабданбековтер отбасының ең сүйікті мейрамдарының бірі – әз Наурыз. Шаттық ұялаған шаңырақтың түтінін түтетіп отырған сүйікті жар, аяулы келін Анжеликаның анасы – украин, әкесі – орыс. Қазақ жігітіне жар болып, бақытын тапқан әйел мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 17 наурыз – Шаңырақ күнінде Анжелика Шабданбекованы әңгімеге тартып көрген едік. 

- Әңгімеміздің әлқиссасын қазақ отбасына қалай келін болғаныңыздан бастасақ...

- Күйеуім Ернұр екеуіміз алғаш рет осыдан 7 жыл бұрын кездестік. Өскемендегі ҚАЕУ колледжіне оқуға түскен болатынмын. Сол жерде танысып, араласа бастадық. Сезім оянып, бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтын болдық. Содан 3 жылдан кейін отбасын құрдық.

Фото: Анжелика Шабданбекованың жеке мұрағатынан

Қазақтың келіні болған керемет қой! Әрбір күнім жүрегіме жақын, әр сәтім ыстық. Жолым болды деп есептеймін. Енем мені үнемі қолдап, түсініп отырады. Өзім қазақ ауылында өскеннен кейін, одан кейін жұмыс орнымдағы ортам түгел қазақтар болғандықтан еш қиналмай сіңісіп кеттім. Бір қызымыз бар. Бұйырса, алдағы жазда 3-ке толады.

- Өзіңіз қай жердің тумасысыз? Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?

- Ресейдің Кемерово қаласында дүниеге келдім. Бала күнімде қазіргі Абай облысы Жарма ауданына көшіп келдік. Анам мені басқа балалардан бөліп жармай, керісінше қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын үйрететін. Қонақты қалай күту керектігін санамызға сіңірді. Сол білгендерім әлі күнге дейін өз пайдасын тигізуде.

Фото: Анжелика Шабданбекованың жеке мұрағатынан

Ал қазақ тілін қалай үйренгенім мүлде есімде жоқ. Анамның айтуынша, Аршалы негізгі мектебінде бастауыш сыныпта оқып жүргенде тілді мүлде түсінбей, қиналыппын. Сонда ұстазым Айнұр апай көп көмектесіп, білім нәрімен сусындатты. Өзге ұлт өкілдері арасында өткен өлең оқу сынды түрлі байқауларға апарып, шыңдалуыма сеп болды. Сол кісіге мың алғыс! Одан кейін ауылдастарыммен, сыныптастарыммен араласып, тілдік ортаға енуім де қазақша сөйлеп кетуіме жағдай жасады.

- Қазақ тілін білгеннің пайдасы көп тие ме?

- Әлбетте. Қайда барсаң да бәрі саған құрметпен қарайды. Сөйлей алмайтындар қызығып, «қалай үйрендіңіз?» деп сұрақ қояды. Оларға «Адам қолынан келмейтін ештеңе жоқ. Тек шын ниетпен қаласаң, еңбек етсең бәрін істеуге болады» деп жауап беремін. Менің ұстанымым – Қазақстанда тұратын әр адам қазақ тілін білуі тиіс. Осы арқылы Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз. Өзім Достық үйіндегі тіл клубтарына барып, өзгелерге мемлекеттік тілді үйретіп жүрмін. Бұл сүйікті хоббиім.

- Отбасыларыңызбен әз-Наурызды қалай атап өтесіздер?

- Құдайға шүкір, отбасымыздың сыйластығы, бірлік-ынтымағы жарасқан. Күйеуімнің анасын ене емес, ана деймін. Ол да менің шешемді қатты сыйлайды. Әкем 9 жасымда марқұм болған.

Өзім мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Жұмыстан келгенде анамның тамақ пісіріп қоятыны да бар. Ата-енем өте жақсы адам. Ернұр екеуіміз бір жаққа шықсақ, қызымызды қарайды. Баламыз балабақшаға қазақ тілді топқа барады. Өскенде қазақ мектебіне береміз.

Әз Наурызда ауылға барғанда үнемі мерекелік шараларға қатысамыз. Жұбайым арқан тартысып, қол күресіп, қойды мойнына салып көтеріп жарысқа түседі. Жүлделі орындарды да алып жатады. Үйде дастархан жайып, туыс-туған, көрші-қолаңды қарсы аламыз. Өзіміз де қонаққа барғанды жақсы көреміз. Сол үшін Ұлыстың ұлы күнін асыға күтеміз.

- Қазақтың қандай ұлттық тағамдарын пісіресіз? Наурыз көже пісіре аласыз ба?

- Ет асып, бауырсақ пісіремін, қуырдақ жасаймын. Бірақ наурыз көжені күйеуім әзірлейді. Өте керемет жасайды. Жыл сайын дәмі тіл үйіретіндей етіп пісіріп бізді қуантады.

- Қандай салт-дәстүрлерді ұстанасыздар?

- Жұма сайын жеті шелпек пісіріп, үйде түтін шығарамыз. Қызымызды қырқынан шығарып, тұсаукесерін де өткіздік. Той жасаған кезде де бәрі қазақтың салт-дәстүріне сәйкес болды.

- Наурызда елге айтар тілегіңіз қандай?

- Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамы халықтың басына бақ құсын қондырсын! Молшылық, бақыт, бейбіт өмір тілеймін. Татулығымыз нығайып, бірлігіміз артсын! Қазақ елі жасай берсін!

- Әңгімеңізге көп рақмет!