Анастасия Молчанова Азия чемпионатында скит бағдарламасында қола алды
АСТАНА. KAZINFORM - Шымкент қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында стенд атудан скит бағдарламасында әйелдер арасында Анастасия Молчанова қола медаль алды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлттық құрама ойыншысы жарыс барысында 45 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді.
Бұл сайыста бірінші орынға қытайлық Цзян Ютин 57 ұпаймен ие болса, оның отандасы Че Юфэй (Қытай) 56 ұпаймен екінші орынға жайғасты.
Ел құрамасынан Адель Садақбаева бесінші, Ольга Хайлова алтыншы орынға табан тіреді.
Іріктеу нәтижесінде командалық сайыста Қазақстан әйелдер құрамасы 339 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды. Мұнда да Қытай командасы 342 ұпаймен топ жарса, Үндістан үштікті түйіндеді (329 балл).
Ерлер арасында скиттен Ұлттық құрама спортшылары ақтық сынға шыға алмады. Ертең скит бағдарламасында жасөспірімдер жүлдеге таласады.
Құрлықтық додаға 29 елден 756 спортшы келді. Олар екі аптаға жуық уақыт бойы жүлделерді сарапқа салады.
Шымкент қаласы төрт жыл бұрын пневматикалық қарумен нысана көздеуден Азия чемпионатын қабылдаған еді. Онда 20 мемлекеттің 350-ге жуық спортшысы қатысты. Қазақстан 5 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен жалпы есепте 1-орын алды.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық еркін күрес шебері Камиль Куруглиев (92 келі) Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.