Анастасия Волочкова Қазақстанда бастан өткерген қызықтарын айтып берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Үлкен театрының бұрынғы солисі Анастасия Волочкова сегіз күннен бері Қазақстанда жүр. Ресейдің 40 жастағы еңбек сіңірген әртісі Қазақстанға «Леди» атты спектакльмен бірге келді. Волочкова гастролі аясында Тараз, Қарағанды, Павлодар, Алматы қалаларына барды. Сондай-ақ, ол Қазақстанмен шекаралас Қырғызстанның астанасына да өнер көрсетіп келгені белгілі.

Бүгін А.Волочкова Астана қаласында жас таланттармен кездесіп, елордалық журналистерге сұхбат берді.

-Қазақстанның бірнеше қаласына бардыңыз. Қызыққа толы саяхатыңыз туралы айтып беріңізші?

-Қызық көп болды ғой. Қазақстанда қар көп жауады екен. Бішкектен Қарағандыға келе жатқанда, қатты боран салдарынан, қар құрсауында қалдық. Мұндай қорқынышты өмірімде бұрын соңды көрмегенмін. Машина келе жатады да тоқтап қалады, себебі, алда жүретін жол жоқ, қар басқан. Машина ішіндегі әртістер шығып, көлікті итеруге тырыстық. Суық жел тиіп, тамағым бітіп қалды. Бірақ, бұл біздің еңсемізді түсірген жоқ, біздің ұжым өте керемет. Жалпы, мен аяқ асты жоспар құратын адаммын. Бүгін Астананың өзіме жылы театр сахналарында концерт қойсам ба деп ойлаған едім. Бірақ, Қазақстандағы мерекеге байланысты, бүкіл концерт залдары бос емес екен. Мен қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймын. Сондықтан, құрбыма тым болмаса балалар үшін мастер-класс өткізейін деген ұсынысымды айттым. Бүгін сондай-ақ, жабық корпоративті кешке барып концерт қоямын.

 

-Қазақстанға жиі келіп тұрасыз ба? Астанада достарыңыз бар шығар?

-Білесіз бе, достарым бар деп айта алмаймын, бірақ, жақсы адамдардың барын білемін. Қазақстанды қатты жақсы көремін және халықтың қонақжайлылығына таңдай қағамын. Күн сайын қай жерге барсам да соны байқаймын. Мысалы, өткен жолы қалалар арасындағы дәмханаға тоқтап, тамағымды «жібіту» үшін дәмхана иесінен ыстық су сурадым. Ал, дәмхана иесі дастархан жайып берді. Тіпті, спектакль алдында 50 грамм коньяк ішіп алдым. Спектакльде қатты билейтін жерлер жоқ, сондықтан да, ішімдік ішуге болатын еді.

-Ал, Қазақстанның балет мектебіне қандай баға бересіз? Жуырда Астанада Хореография академиясы ашылғанын білетін шығарсыз?

-Мен бұл академияға бара алған жоқпын, сондықтан, қандай да бір баға бере алмаймын. Бірақ, Астанада сондай мектептің ашылғаны мені қуантып отыр.  Мектептегі ұстаздар құрамы мықты болса екен деп тілеймін. Жеке өз басыма келсем, бұл мектепте мастер класс өткізіп, шығармашылық кездесулерге келіп тұруға еш қарсылығым жоқ. Жалпы, мен қазақ театрларында өнер көрсеткемін, Алматы, Астана қалаларында билегенмін. Қазақстандағы театрлардың жағдайы жақсы. Театрлармен қатар, балет мектебі де дамыса, жақсы болады. Астана опера және балет театры бар екен, яғни, жас буын үшін талпынатын орын бар.