«Түнгі студия» бағдарламасының жүргізушісі Нұрлан Қоянбаев сұрақ-жауап барысында Аршавинге «Қайрат» сапында ойынды жалғастыру жөнінде сауал қойған болатын. Алайда сауалға алдымен «Қайрат» футбол клубының қадағалау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев тіл қатты.
«Андрей секілді әлемдік атағы бар футболшылардың біздің елде өнер көрсетуі біз үшін зор мақтаныш. Андрей бізге келген кезде ағылшын баспасөзінде көптеген мақалалар жарыққа шықты. Сондықтан, әйгілі футболшылар бізге келіп жатса, бұл біздің футболымызды танытуға үлкен мүмкіндік дер едім. Олардың әлбетте тәжірибелері зор. Андрейді мен соңғы 10 жылдағы Ресейдегі ең үздік футболшы дер едім. Андрей бізде келесі жылға қалу туралы ұсынысымызды қабыл алар деген сенімдемін», - дейді «Қайрат» футбол клубының қадағалау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев.
Нұрлан Қоянбаев осыдан кейін Андрей Аршавинге құрамада қалатыны немесе қалмайтыны туралы «әзілсіз» тіке сұрақ қойды.
«Қаламын», - деген Андрейдің бір ауыз сөзін көрермендер зор қошеметпен қабыл алды.
Еске сала кетсек, 36 жастағы Андрей Аршавин 2016 жылдан бері «Қайрат» сапында өнер көрсетіп жүр. Футболшы 2009-2013 жыл аралығында «Арсенал» командасының құрамында доп тепкен.