АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев Германияның Хайльбронн қаласында өтіп жатқан челленджер жарысының финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Турнирдің 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші мен украиналық Денис Молчанов жартылай финалда германиялықтар Константин Францен – Хендрик Йебенспен ойнады.
Бірінші партияда корт иелері 6:4 есебімен басым түсті.
Францен мен Йебенс екінші сетте тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:3).
Сағат жарымдай уақытқа созылған бәсеке барысында Голубев пен Молчанов 2 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыластары 2 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, А.Голубев пен Д.Молчанов финалға бір қадам жетпей тоқтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде әйелдер арасында финалға шыққан теннисшілер анықталғанын жазған едік.
Сондай-ақ Аружан Сағындықов Таиландтағы турнирдің жартылай финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).