НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сында бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Андрей Голубев Рим мастерс турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші аргентиналық Максимо Гонсалеспен бірге жартылай финалда америкалық Джон Изнер – тағы бір аргентиналық Диего Шварцманмен күш сынасты.
Бірінші партияда америкалық-аргентиналық жұп бір брейкпен басымдылық танытты – 6:4.
Екіншісінде А.Голубев пен М.Гонсалес дәл сондай есеппен есе қайырды – 6:4.
Супер тай-брейкте Д.Изнер мен Д.Шварцман жеңісті жұлып алды – 11:9.
Осылайша, А.Голубев мастерс додаларында екінші рет жартылай финалға дейін жетті.
Америкалық-аргентиналық жұп финалда осы жарыстың 3-ракеткалары, хорватиялықтар Никола Мектич – Мате Павич немесе италиялықтар Симоне Болелли – Фабио Фоньини жұптарының қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің Рим мастерс турнирінің жартылай финалына шыққанын, қазақстандық теннисшінің Мароккодағы жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлерде чемпион атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).