Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Стокгольм (Швеция) ATP 250 турнирінің финалына жолдама алды, деп хабарлайды Kazinform.
А.Голубев украиналық Денис Молчановпен бірге жартылай финалда жарыстың 4-ракеткалары, америкалық Роберт Галлоуэй – франциялық Альбано Оливеттимен кездесті.
Қазақстандық-украиналық жұп 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матч барысында олар 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Америкалық-франциялық дуэт 6 эйс жасағанымен, брейкке қол жеткізе алған жоқ.
Андрей Голубев пен Денис Молчановтың соңғы бәсекедегі қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Бельгиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).